Бүгін ҚР Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ конференц-залында «Қ. К. Тоқаев Президенттігі: алғашқы 100 күн – мақсаттар, қадамдар, тактика» тақырыбына дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараны ұйымдастырушылар – Еуразиялық интеграция институты және еліміздің ғылыми-сараптамалық ұйымдары.

Сондай-ақ, жиынға шетелдік сарапшылар да қатысты. Ресей Федерациясынан келген сарапшы Э. Соловьев «Тоқаев Президенттігінің 100 күніндегі басты нәтиженің бірі – жұмысын сәтті бастап кеткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру» десе, саясаттанушы М. Шибутовтың айтуынша Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президенттік қызметін жедел, төмен старттан бастаған. Оған қызметке кірісу үшін бейімделу кезеңі қажет болған жоқ. Бұл, бір жағынан, Қ. К. Тоқаевтың басқарушылық тәжірибесі мен жоғары құзыреттілік деңгейі болса, екінші жағынан, Президент өзінің нақты және нәтижелі жұмысты көздейтінін көрсетті дейді.

Дөңгелек үстел модераторы, саясаттанушы Е. Саиров: "100 күнде Президент жұмысында әлеуметтік салада көптеген жақсы жаңалықтар болды. Соның бірі әлеуметтік желідегі ашықтығы. Бұл Президенттің халықпен ашық жұмыс істеп, олардың мәселелерін жедел шешуге жасаған қадамы деп білуіміз керек" деді.

Дөңгелек үстелдің қатысушылары өз баяндамасында Президенттің 100 күндік жұмысын түрлі қырынан ашты.

Елімізге белгілі әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор З. К. Шаукенова, техникалық ғылымдар докторы, профессор Г. Т. Мерзадинова; тарих ғылымдарының докторы, профессор С. Ф. Мажитов; саясаттанушы Т. Б. Қалиев; саяси ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы А. Е. Чеботарев; саясаттанушы М. М. Шибутов және саяси ғылымдарының кандидаты Э. Г. Соловьев (Ресей Федерациясы) Қ. К. Тоқаевтың негізгі қызметі қоғам талабына жауап бере отырып, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту стратегиясына сәйкес келетінін атап өтті.