Қазақстанда індет бойынша болжам қандай? Коронавирустық инфекцияның өсуі қашан нөлге тең болады? COVID-19 індетінің екінші толқыны қашан болады деп күтілуде? Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді.

Денсаулық сақтау министрі елімізде жыл сайын күзгі-қысқы кезеңде ЖРВИ және тұмау ауруларының саны артатынын еске салды. Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі COVID-19 пандемиясын ескере отырып, дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ол үшін жыл сайын тұмауға қарсы егу жоспарланған. Сонымен қатар, республиканың бас дәрігерінің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурстары дайындалуда.

«Жұмыс істеп тұрған және резервтегі төсек-орындар толықтай дайын. ПТР-тестілеу үшін қосымша қорлар әзірленуде. Қоймаларда және бөлшек сауда желісінде дәрілік заттар жинақталуда. Өңірлерде медициналық ұйымдар үшін жеке қорғаныс құралдарының қорлары құрылады. Коронавирусқа ұқсас пневмониямен ауырған науқастарға емханалар деңгейінде көмек көрсету үшін емдеу схемалары дайындалуда. Мұндай ауруларды емдеуге арналған препараттардың тізімі беске дейін кеңейтілді, олар пневмония мен COVID-19 түрлерін ерте кезеңде емдеу үшін практикада қолданылатын болады. Барлық өңірлер ӨЖЖ аппараттарын, оттегі концентраторларын сатып алады. Біз күзгі-қысқы кезеңде көптеген аурулар бойынша көрсеткіштердің өсуіне әзірленудеміз және бұл өсу бұрын енгізілген карантиндік шаралармен, карантиннен кезең-кезеңмен шығу шараларымен бәсеңдейді деп үміттенеміз. Егер сырқаттанушылық күрт өсетін болса, қосымша шаралар енгіземіз», - деп сендірді Денсаулық сақтау министрі.