Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілерін тоғыстыратын «Ұлы дала сазы» атты жаңа жобаның таныстырылымы өтті.

«Әр халықтың рухани, мәдени әлемі бірінші кезекте дәстүрлі өнерінен танылады. Дәстүрлі ән, терме, күй бұл біздің ата-бабаларымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан мәңгілік үні, шежіресі. Ұлттық өнерімізді бүгінгі және болашақ ұрпаққа насихаттау, рухани мұра ретінде сақтау біздің парызымыз. Ұлттық арнадан жақында шығатын «Ұлы дала сазы» жобасы көрермендеріміздің эстетикалық талғамы мен дүниетанымының дамуына өз үлесін қосатын бірегей жоба болатыны сөзсіз», - деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Музыкалық жобаның мақсаты - атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз дәстүрлі ән, жыр-термелерді, күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу.

Жалпы музыкалық жоба 17 концерттен тұрады, ұзақтығы 1 сағат. Ұлттық арнадан 13 қаңтардан бастап, 28 шілдеге дейін аптасына бір рет әр жексенбі кешкі сағат 21.05-те көрсетілетін болады.