Бүгін «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ мен Білім және ғылым министрлігі қызметкерлерге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығымен тұрғын үйлерді жалға беру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

Бағдарлама аясында екі жылда 3 000 білім беру және денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерді меншікті тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.

«Келісім аясында тұрғын үйге мұқтаж Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұйымдардың қызметкерлеріне тұрғын үй беру жоспарлануда. Бағдарламаға қатысуға соңғы 5 жылда меншікті тұрғын үйі жоқ және төлем қабілеті расталған қызметкерлердің мүмкіндігі бар», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев.

Айтуынша, Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұйымдарда 10 мыңға жуық адам кезекте тұр.

«Алдымен өтініш берушінің төлем қабілеттілігі тексеріледі. Министрліктер 1-2 аптаның ішінде тізім береді. Содан кейін біз олардың төлем қабілетін тексереміз, керекті құжаттары бар ма, жоқ па, жұмыс орынан кіріс анықтамасын қарастырамыз», - деді «ҚИК» ИҰ» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Талаптар бойынша өтініш берушінің меншікті тұрғын үйі болмауы керек.

«Бағдарлама бойынша жалгерлік төлемнің орташа айлық құны республика бойынша орташа бағадан төмен болады», - деп атап өтті Әділ Мұхамеджанов.

Аталған бағдарлама Қазақстанның барлық аймақтарында жүзеге асады.