Диспансерлік есепте тұрған пациенттерді қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектерді жөнелту қаңтар айынан бастап жүргізілуде.

"Қазіргі уақытта 25,4 млрд. теңгеге дәрі-дәрмектер жөнелтілді. Жылдың алғашқы екі айында 4,9 млрд. теңге сомаға 1,1 млн. рецепт жазып берілген. Олардың ішінде қазіргі уақытта 4,5 млрд.теңгеге рецептілер қамтамасыз етілді", - деді Фармация комитеті төрайымының орынбасары Ержан Жүнісов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы 45 нозология бойынша емделушілер тегін қамтамасыз етіледі.

Медициналық ұйымдар 499 дәрі-дәрмекке қажеттілік туралы мәлімдеген. Оларға 105,1 млрд. теңге сомаға дәрі-дәрмектер сатып алынады. Ал 2019 жылға Бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы сатып алу кезіндегі үнемдеу 19,6 млрд.теңгені құрады.

"Алдағы уақытта үнемделген қаражат денсаулық сақтау министрлігінің бюджеттік комиссиясының қарауына шығарылатын болады, бұл қаражатты тапшылық анықталған жағдайда дәрі - дәрмектерді қосымша сатып алуға немесе медициналық ұйымдардың басқа да мұқтаждықтарына бөлу туралы мәселе қаралады", - деп түсіндірді Ержан Жүнісов.

Сондай-ақ, ол пациенттерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тұрақты мониторингілеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі халықпен кері байланысты қамтамасыз ету бойынша жобаларға бастамашылық жасап, пациенттерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы оны алғандығын растайтын СМС-хабарлама жүйесі, сондай-ақ 1439 нөмірі бойынша халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Бірыңғай дистрибьютордың байланыс орталығын іске қосты.