COVID-19 белгілері аз болған жағдайда вирусқа, бактерияға және тромбқа қарсы препараттар қажет емес. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте медицина ғылымдарының докторы, жоғары санаттағы дәрігер Раушан Қарабаева мәлім етті.

«Мұндай науқастар емдеу-қорғау режимін ұстануы керек, дұрыс тамақтанып, жиі су ішеді, С, Д дәрумендерін қабылдайды, дене қызуы көтерілген жағдайда оны төмендететін препараттар – парацетамол және ибупрофен қабылдайды. Сонымен қатар, бүйрек аурулары бар науқастар, әсіресе, бүйрегінда тасы бар адамдар КВИ кезінде С дәруменін қабылдағанда сақ болуы керек», - деді маман.

Р.Қарабаеваның айтуынша, дене қызуы 38С жоғары көтерілгенде, интоксикацияның айқын белгілері (бұлшық еттің ауруы, әлсіздік, бас ауруы, жөтел, кеуде қуысының ауыруы) болған жағдайда, оның асқынуына, яғни пневмонияға ауысуына жол бермеу керек. Ол үшін кеуде қуысы органдарын рентгенге түсіреді немесе компьютерлік томография жасайды.

Ескерту: этиотроптық емдеу кезінде вирусқа қарсы препараттар тағайындалады. Қазіргі кезде лопинавир/ритонавир, гидроксихлорохин, фавипиравир және ремдесевир сияқты дәрілерді қолдану ұсынылған. Айта кетейік, бұл дәрілік заттардың гепатоуытты және кардиоуытты жанама әсерлері бар, яғни бауыр мен жүрекке жағымсыз әсерін тигізеді. Осыған орай, бұл препараттарды аурудың белгілері аз болғанда бақылаусыз қабылдау аса қауіпті болып табылады.