ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бапсасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілгені туралы хабарлады.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіле бастады.

Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін елдің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады және олар ТМККК пакеті мен МӘМС пакетіне кіретін медициналық қызметтерді тегін ала алады. Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушы болуы керек.

Бұрын хабарланғандай, 2020 жылы Қордың алдында бірқатар міндеттер тұр, атап айтқанда: Қорды медициналық қызметтердің бірыңғай стратегиялық сатып алушысы ретінде дамыту; медициналық көмектің сапасын бақылау және пациенттердің құқығын қорғау; сапалы медициналық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету және медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен медициналық сақтандыру шеңберіндегі қызметтердің бөлек есебін жүргізу.

Өткен мерзім ішінде Қор медициналық көмектің қол жетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жаңа бастамаларды ескере отырып, медициналық көмектің ТМККК мен МӘМС аясында медициналық көмектің түрі мен нысаны бойынша 2020 жылға арналған медициналық қызметтерді сатып алу жоспарын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізді. 2020 жылға арналған сатып алуда 1277 медициналық қызмет көрсетушілер қатысты, олардың 678-і мемлекеттік ұйым (53%), 599-ы жекеменшік (47%).

Процестерді оңтайландыру және ашықтықты арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және әкімшілік кедергілерді азайту үшін медициналық қызметтерді сатып алу электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, сандық форматта Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Электрондық қаржы орталығының веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Жалпы әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген кезде, денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті медициналық көмектің көлемін 1,5 есеге ұлғайта отырып, 2020 жылы 1,6 трлн теңгені құрайды.

  • Амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі 2020 жылы 78%-ға 740,9 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды, бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру арқылы халықты профилактикалық шаралармен толық қамтуды қамтамасыз етеді,

  • Консультациялық-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру көлемі 5 есеге, 168,6 млрд. теңгеге дейін өсті, соның ішінде 9,1 млрд. теңге сомасына мектеп медицинасы;

  • Қалпына келтіру емі мен медициналық оңалту 8 есе 55,7 млрд. теңгеге дейін;

  • ТМККК және МӘМС жүйесінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 2,3 есеге артып, 197 млрд. теңгені құрайды.

Сонымен қатар, дәрігерлердің жалақысын 30%-ға, орташа медициналық қызметкерлерді 20%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Жұмыстың маңызды бөлігі ТМККК мен МӘМС жүйесі аясында медициналық көмектің қанағаттанушылығын бағалау бойынша тұрғындармен кері байланысты қалыптастыру болып табылады.

ТМККК мен МӘМС бойынша, төлем әдістері және қарыздың болуы туралы халыққа кеңестер беру үшін кері байланыс арналары құрылды: 1406 бірыңғай байланыс орталығы құрылды, Қордың аймақтық филиалдарында азаматтарды қабылдау пункттері ұйымдастырылды. Қор мамандары медициналық қызметтердің сапасын бақылау және тексеру бойынша жұмыс өткізуде. Медициналық қызметтерге халықтың қанағаттанушылығын бағалау үшін мобильді қосымша жасалды, SMS - кері байланыс функциялары іске асырылды.