Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаевтың биылғы жылды-еріктілер жылы деп жариялау жөніндегі бастамасы Қазақстанда еріктілер қозғалысын дамытуға үлкен серпін берді. Бұл туралы «Birgemiz» республикалық қозғалысының пандемия кезіндегі жетістіктері туралы халық алдындағы есеп беруінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты.

Министрдің айтуынша, төтенше жағдай кезінде 40 мың еріктінің қызметі нәтижесінде өмірлік қиын жағдайға тап болған халықтың әлеуметтік-осал санаттарының ішінен миллионға жуық азаматқа практикалық көмек көрсетілді. Ведомство басшысы атап өткендей, еріктілікті одан әрі жүйелі дамыту үшін өңірлік деңгейден республикалық деңгейге дейін бірыңғай вертикаль принципі бойынша волонтерлік инфрақұрылым құрылды.

«Қазіргі уақытта ҮЕҰ-мен бірлесіп, тиісті заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның аясында адамдарды волонтерлік қызметке қатысуға ынталандыру үшін тәжірибелік тетіктер енгізіледі», - деп толықтырды А.Балаева.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы 7 қазақстандықты БҰҰ құрылымдарында жұмыс істеу үшін еріктілер ретінде жіберу жоспарланып отыр. Қазақстанның дамуына және әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге үлес қосқан үздік еріктілер мен жаңа бастамалар «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығымен марапатталады.