ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-баспасөз конференциясы аясында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жұртшылықты төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзушылықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Ведомство басшысының мәліметінше, ішкі істер органдары төтенше жағдай кезінде күшейтілген қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында карантиндік режим қатаңдатылды. Кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы тоқтатылды. Азаматтардың тұрғын үйден шығуы шектелді. Жаппай жиналатын орындар жабық. Бұл - саябақтар, скверлер, жаяу жүргінші көшелері, ойын алаңдары. Көшелерде топтармен үш адамнан астам адамды жинауға, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ересектерсіз жүруіне тыйым салынған. Көлік қозғалысы шектеулі. Үш тәулік ішінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Спикердің айтуынша, белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар 25 мың теңгеге дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады (ӘҚБтК 476-бабы "ТЖ режимін бұзу"). Бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жаяу және автомобиль патрульдерінің саны артты, бейнебақылау жүйелері іске қосылды. Азаматтар мен автокөліктердің жүріп-тұруын тексеру жүзеге асырылады. Мүлікті ұрлау және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне жол бермеу бойынша профилактикалық жұмыстар жандандырылды.

Жалпы, статистикалық деректерге сәйкес, ТЖ режимінің әрекет ету кезеңінде ел бойынша қылмыс 20% - дан астам төмендеді.

Е.Тұрғымбаев атап өткендей, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран, Шахтинск қалаларында жекелеген шектеу шаралары енгізілді. Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстарына, 1 сәуірден бастап Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына кіру жолдары жабылды. Жалпы ел бойынша карантиндік аймақтардың периметрі бойынша режимді сақтауды қамтамасыз ету үшін 147 блокпост орнатылды.

Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде енгізілген шектеулер мен тыйымдарға қарамастан, полицейлер әлі де заңнаманы бұзу фактілерін анықтап жатыр. Әрбір жағдай бойынша дер кезінде әрекет ету және тиісті шаралар қабылдау жүргізіледі.

Мысалы, елордаға және Алматы қаласына заңсыз кіру әрекеті үшін 33 тәртіп бұзушы жауапқа тартылды. Олардың қатарында ақшалай сыйақы үшін азаматтарды блокпостарды айналып өтуге (32 – қамауға алынды) тасымалдауға уәде еткендер де бар.

Ішкі істер министрінің ақпараты бойынша, жұқтырғандардың емделуден бас тарту және байланыста болған адамдар туралы мәліметтер беру фактілері бойынша 4 сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар, жалған ақпарат таратудың 45 фактісі анықталды. Барлық кінәлі адамдар анықталды, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Карантин режимін сақтамағаны және сауда объектілерінің, ойын-сауық және көңіл көтеру орындарының заңсыз жұмысы үшін әкімшілік тәртіппен 1 800 тәртіп бұзушы тартылды, оның ішінде 400–ден астам тәртіп бұзушы қамауға алынды, 500-не айыппұл салынды, қалған материалдар соттарда қарауда.

Полиция қызметкерлері бүгінгі таңда ең қажетті қорғаныс құралдары мен антисептиктерді заңсыз жүзеге асырудың 27 фактісінің жолын кесті. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша заңсыз айналымнан 2 млн.астам медициналық маскалар, 4 мың қорғаныш костюмдер, 10 тонна дезинфекциялық өнімдер алынды, олар азаматтарға жоғары бағамен сатылды. Кінәлі адамдар жауапқа тартылады.

Арнайы униформаға жабдықталған және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген 2 мыңнан астам еріктілердің қатысуымен бірлескен рейд барысында 240 құқық бұзушылық анықталды. Азаматтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге жәрдемдесу шеңберінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің тігін цехтарында қорғау маскаларын (тәулігіне 50 мың дана) өндіру жолға қойылды, арнайы қорғау костюмдерін (тәулігіне 500 дана) шығару басталды. Аталған шаралар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қорғау құралдарына деген қажеттілігін іс жүзінде алып тастады, сондай-ақ сотталғандардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Карантиндік аймақтарда жұқтыру ошақтарын оқшаулау жөніндегі арнайы іс-шаралар шеңберінде қазіргі уақытта тұрғын үйлер, жеке кіреберістер, жатақханалар қатарынан 31 объект қоршалған. Денсаулық сақтау органдарының сұрау салулары бойынша 3 800 адам іздестіріліп, медициналық мекемелерге жеткізілді.

Өз сөзінде Ішкі істер министрі елдің барлық азаматтарына енгізілген шектеулерді дұрыс қабылдауға және полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінің халықтың денсаулығын сақтауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырды.