14-16 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласында 64-ші Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының (ABU - Asia-Рasific Broadcasting union) спорттық конференциясы өтеді.

«Қазақстан астанасында өтетін ABU-ның 64-ші спорттық конференциясына қатысуға Малайзия, Сингапур, АҚШ, Франция, Қытай, Таиланд, Гонконг, Австралия, Өзбекстан, Үндістан, Жапония және т. б. 20 елден түрлі телерадиокомпаниялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері келді», - деді "Qazsport" телеарнасының директоры Павел Цыбулин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетсек, конференцияны"Қазақстан" телерадиокорпорациясы ұйымдастырып отыр.

«Халықаралық спорттық конференция аясында делегаттар каратэден "Қазақстан Open" ірі халықаралық турниріне қатысады», - деді "Qazsport" телеарнасының директоры өз сөзінде.

Айта кетейік, каратэ жаңа спорт түрі ретінде бекітіліп, 2020 жылы Токио Олимпиадасында көрсетілген спорт түрлерінің тізіміне енген болатын.

Сондай-ақ, Ұлттық спорт түрлері Федерациясы елімізге келген қонақтарға Ұлттық спорт түрлерінен арнайы көрсетілім ұйымдастырмақ.

«Qazsport» телеарнасы болашақта Ұлттық спорт түрлерін Азия елдерінде көрсетуді жоспарлап отыр», - деп айтып өтті Павел Цыбулин.

Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы (ABU) әлемдегі ең ірі хабар тарату одағының бірі. Қазіргі уақытта одақтың құрамына 76 елден 272 мүше кіреді. ABU-ға қарасты мүше компаниялар арқылы шамамен 3 миллиард адамға хабар таратылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың қазан айында Ашхабад қаласында өткен ABU Бас Ассамблеясы аясында ABU мен "Qazsport" спорт телеарнасы арасында "Астана қаласында ABU бірлескен спорттық конференциясын өткізу туралы меморандумға" қол қойылған болатын.