Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметі Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, Алматы қаласында «Kazakhstan Urban Conference 2019» өткізу жөнінде көшпелі баспасөз конферециясын ұйымдастырды.

Аталған баспасөз конферециясына «Kazakhstan Growth Forum» төрағасы Елдар Әбдіразақов, «Adam Damu» Еуразиялық гуманитарлық орталықтың» төрайымы Аида Әлжанова және «Kazakhstan Urban Conference» ұйымдастыру комитетінің мүшесі Арташес Григорьян қатысты.

«Kazakhstan Growth Forum» төрағасы Елдар Әбдіразақов аталған шараның уақыт талабына сай қалалардың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асырудағы жыл сайынғы пікірталас алаңы екенін атап өтті.

«Біз зерттеулер жүргіземіз, шараларды, түрлі талқылауларды ұйымдастырамыз, жобаларды, білім бағдарламаларын ұсынамыз. Біз қаланы дамыту шаһардың, биліктің, бизнес-құрылымдардың бірлесіп атқаратын ортақ жұмыс екеніне сенеміз. Сондықтан Қазақстан қалалары тұрғындарының осыны түсінуін және процесстерге белсенді түрде қатысуын қалаймыз», - деп атап өтті Е. Әбдіразақов.

«Kazakhstan Urban Conference 2019» конференциясында мына тақырыптар талқыланатын болады: экологияны, қауіпсіздікті, қала көлігінің тиімділігін жақсарту мәселелері. «2050 жылы Алматының келбеті қалай өзгереді?», «Алматы 5 млн. тұрғынға метроөңір бола ала ма?» атты тақырыптар жеке талқыланатын болады.

Мегаполис үшін жоғары білікті жұмыс орындарын құру проблемалары және сарапшылар қауымдастығы мен әкімдіктің ортақ іс-қимылының тәжірибесі панелді пікірталас форматында қаралатын болады. Сонымен қатар, еліміздегі коммуналдық сектор қызметін дамыту және Қазақстанның кәсіби өтемі жөнінде сараптамалық баяндамалар ұсынылады.

Осы және басқа да тақырыптар бойынша пікірталасқа сарапшылар, азаматтық белсенділер, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев және Алматы облысының әкімі А. Баталов қатысады.

Бәрімізге белгілі, қараша айының соңында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматының алдағы 30 жыл ішіндегі дамуының жобасын ұсынды. Оны нақтылы бекіту үшін талдаушы топтар, қоғамдық қорлар, түрлі салалар сарапшылары және қала тұрғындары «Алматы – 2050» даму Стратегиясы концепциясының жобасын белсенді түрде талқылады. Бұдан өзге, сайтқа бастамашыл қалалықтардан шамамен 1077 ұсыныс түсті.

«Біздің конструктивті алаңымыз осындағы түрлі пікірталастарға қатысқандардың барлығының бірігіп жасаған жұмысының нәтижесіне және «Алматы – 2050» даму Стратегиясының қабылдануы қаланы «ақылды», қауіпсіз, экологиялық таза, мәдениетті және креативті мегаполиске айналдыратынына сенімдімін.

Панельді сессиялардағы пікірталастарға шамамен үш жүздей адам қатысатын болады, олардың арасында азаматтық белсенділер, мемлекет қайраткерлері, бизнес, сарапшылар және қоғам өкілдері бар.