Бүгінгі таңда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау жүзеге асыруда бірқатар маңызды жобалар атқарылды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – «Отбасының әлеуметтік картасы» бойынша Қазақстан халқының 100%, яғни 7 млн.отбасы қамтылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

«Әлеуметтік карталарды қалыптастырғаннан кейін шұғыл және дағдарыс жағдайында болған 101 мың отбасы анықталды. 12,7 мың адамды жұмысқа орналастыру, емханаларға 68,8 мың азаматты, балабақшалар мен мектептерге 72,9 мың баланы тіркеу жөнінде шаралар қабылданды. 1 451 отбасы дағдарыс пен шұғыл жағдайдан шығарылды», – деді Біржан Нұрымбетов.

Тағы бір маңызды жоба «Қазақстан азаматының әлеуметтік ID» картасы болып табылады. Бұл жоба әлеуметтік жәрдемақы алудың ашықтығын, ыңғайлылығын арттыруға бағытталған.

«Бұл жобаның пилоттық жобасы республиканың 9 аймағында жүзеге асырылды. 102 мың ID-карта берілді, 88 мың транзакция жүргізілді. Болашақта бұл жобаны барлық аймақтарға таратуды жоспарлап отырмыз», – деді министр.

Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саласында "электрондық еңбек биржасы" және "электрондық еңбек шарттары " жобалары іске асырылуда.

Осы жобалардың арқасында 1,2 млн.астам адам жұмыс таба алды, 1,4 млн. электрондық шарттар тіркелген, бұл қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға ықпал етеді.