Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сөз сөйлеген индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов биылғы жылдың басынан бастап индустрияландырудың үшінші бағдарламасын іске асыру басталғанын, бұл ретте негізгі назар орта және жоғары технологиялық күрделі өнім шығаруға бағытталған экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға аударылғанын атап өтті.

Анықтама үшін: 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша өңдеу өнеркәсібінің 16,4 мың кәсіпорны жұмыс істейді.

Вице-министрдің мәліметінше, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсімі 4,8% - ды құрады, ал өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6,1% - ға артты.

Сонымен қатар, шенеуніктің айтуынша, пандемияға байланысты халықаралық саудадағы шектеулердің нәтижесінде биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорт көлемі 18,6%-ға азайып, 5,2 млрд. АҚШ долларын құрады.

«Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 23,7 млрд.теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылып, 900-ге жуық жұмыс орны құрылды. Әкімдіктердің ақпараты бойынша, Индустрияландыру картасы аясында жыл соңына дейін 1,1 трлн теңгенің 160 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Сондай-ақ, 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады»,- деді А.Ержанов.