Алдағы күндері Павлодар облысының медициналық мекемелеріне өкпені жасанды желдетуге арналған 33 аппарат жеткізілмек. Қазіргі кезде өңірде осындай 108 аппарат бар, оның ішінде 65-і инфекциялық және провизорлық стационарларда қолданылып жүр. Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов мәлім етті.

Оның айтуынша, оттегімен қамтамасыз ететін 226 орын бар. Қосымша 155 орынды жабдықтау көзделген. Сонымен қатар, медициналық ұйымдар дәрі-дәрмектермен де қамтамасыз етілуде. Жақын арада антибиотиктердің, тромболитиктердің және гормондардың 33 аталымы сатып алынбақ. Сондай-ақ құны 1,5 млрд теңгені құрайтын препараттарды сатып алуға жаңадан өтінім берілді.

«Бүгін Павлодарға 17 мың дана парацетомол және 6,5 мыңнан астам «Цефтриаксон» мен «Цеф-III» әкелінді. Ертең препараттар Екібастұзға, Ақсуға және аудандарға жеткізіледі. Сондай-ақ «Медсервис» дистрибьюторы 10 мыңға жуық ацетилсалицил қышқылын, құрамдастырылған парацетамол, антибиотик дәрілерін, инъекциялық және вирусқа қарсы препараттар жеткізеді деп күтілуде», - деді аймақ басшысы.

Жалпы, облыс бойынша көтерме сауда қоймаларына 16 мың дана антибиотик, 5 мыңға жуық вирусқа қарсы және қызуды басатын дәрмектер, сондай-ақ симптомдық емдеуге арналған 8 мың дана препарат әкелінеді деп күтілуде. Айта кетейік, қазіргі кезде полиция қызметі дәрі-дәрмекті заңсыз сатудың 11 дерегін анықтады.