ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар туралы баспасөз конференциясы өтті.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың төрағалығымен 2019 жылғы 26 сәуірде өткен кеңестің хаттамасына сәйкес (1.1 тармақ) 2020 жылы ұлы ақын, композитор және қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу жөнінде тапсырма берілді.

Сонымен қатар, 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында ҚР Президентінің 2019 жылғы 30 мамырда «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» № 55 Жарлығы және 2019 жылдың 26 тамызында ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамы бекітілді.

2019 жыл 9 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың алғашқы отырысында мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарының жобасын қарастырды.

Жоспар 82 тармақты қамтиды, солардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар бар.

Сонымен қатар облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктері, мерекелеудің өңірлік жоспарларын әзірледі.

Ұлы Абай мерейтойының ресми салтанатты ашылу рәсімі 2020 жылғы 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Маңызды жобалардың бірі – Абай шығармаларының жинағын шетелдің 10 тіліне аудару және шығару, Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы мен рөлі туралы үш деректі-қойылымдық фильмдерді шығару. 2020 жылғы тамызда Семей қаласында «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Конференцияға белгілі отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдар, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері шақырылады.

Мерейтой аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын музеефикацияландыру және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

Барлық оқу орындарында Абайдың өлеңдерін және қарасөздерін мәнерлеп оқу және мазмұндау бойынша ашық сабақтар мен тақырыптық шығарма байқаулары өткізіледі. Республиканың барлық аймақтарында оқушылар үшін «Абай жеріне саяхат» атты Абай жерлеріне экскурсиялық турлар қарастырылған.

Жоғары оқу орындарында ғылыми конференциялар, Абай оқулары, симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдер, поэзия кештері, Абай өлеңдерін үздік оқу, әндерін орындау және шығармашылығын білу бойынша семинарлар мен конкурстар жоспарлануда. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Әрбір қазақстандық Абайдың шығармалары бойынша жалпыұлттық диктантқа қатыса алады. Сонымен қатар мерейтой аясында барлық мәдениет және спорт ұйымдарында әдеби оқулар, тақырыптық іс-шаралар, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар, шығармашылық кештер, фестивальдер, әскери бөлімдерде белгілі ақын жазушылар, абайтанушы ғалымдардың қатысуымен салтанатты іс-шаралар және т.б. өткізіледі.