«Сиқырлы» вакцинаны жасаумен бүкіл әлем айналысуда. Қазақстандық Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары да өздерін сынап көрмек. Бұл рас. Мамандар наурыз айының соңында патологиялық материал алғаннан кейін вирусты шығарып, ДДСҰ-дан клиникаға дейінгі сынақтар жүргізуге рұқсат алды. Вакцина тышқандарға, шошқалар мен макакаларға егілді. Ал 26 шілдеде өздеріне екпе жасады.

Вакцинаны әзірлеген бес адам антиденелер қалыптастыру және алдағы уақытта тірі вируспен қауіпсіз жұмыс істеу үшін оны өз еркімен сынап көрді. Үш тәулік өткен соң аллергия да, температура да болмаған, ал еріктілер өздерін жақсы сезінетіндерін айтқан. Клиникаға дейінгі сынақтар 20 тамызда аяқталады, ал нәтижелері салалық министрлікке жіберіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мақұлдауымен қыркүйек айында адамдардың қатысуымен жүргізілетін клиникалық сынақтардың бірінші кезеңі жоспарланған. Оған коронавируспен ауырмаған және сәйкесінше антиденелері жоқ 44 ерікті тартылады. Екінші кезең қазан айынан желтоқсанға дейін өтеді, сынақ екі жүз адамды қамтиды. Бұл тәжірибелердің барлығы алматылық клиникалардың бірінде жүргізілетін болады.

Егер қазақстандық кандидаттық вакцина нәтижелі болса, ДДСҰ қолдау көрсетеді, сонда Қазақстан тек өзін ғана емес, басқа мемлекеттердің тұрғындарын да екпемен қамтамасыз ете алады. Клиникалық сынақтар аяқталған кезде БҚПҒЗИ жанындағы иммунобиологиялық препараттар шығаратын зауыт іске қосылады. Жоба бойынша зауыт жылына 60 млн дозаға дейін вакцина шығаратын болады.