15 қыркүйекте Қазақстанда емханаларға халықты тіркеу науқаны басталады, ол екі айға созылады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұл туралы толығырақ айтып берді.

«Емхана - бұл жалпы денсаулық сақтау жүйесіне кіретін қақпа. Сондықтан келесі екі айдың ішінде азаматтар тұрғылықты жері бойынша емхананы еркін таңдау құқығын пайдалана алады. Отбасылық қызмет көрсету қағидаттарын іске асыру және медициналық-санитарлық көмекке қолжеткізу үшін емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдау ұсынылады. Бұл медициналық ұйымдарға бекітілген пациенттердің денсаулығын үнемі бақылауға және қажет болған жағдайда үйіне баруға мүмкіндік береді. Соңғы уақытта орын алған жағдайларға, әсіресе, коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде бұл өте маңызды», - деді ресми өкіл.

Тіркеу науқаны 15 қарашаға дейін жалғасады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМККК шеңберінде азаматтарға көрсетілген қызметтер үшін БМСК ұйымдарына ақы төлей бастайды. Ал емханаларға тіркелмеген 231 133 қазақстандық жоспарлы медициналық көмекке қолжеткізбей қалуы мүмкін.