Коронавирустық инфекцияның екінші толқыны болған жағдайда медициналық ұйымдар ел бойынша бір уақытта 70 мыңнан астам төсек-орын дайындай алады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов күзгі кезеңге дайындық барысы туралы айтып берді.

«Коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындық аясында қазақстандық медициналық мекемелерде бір уақытта 70 мыңнан астам төсек-орын орналасады, оның ішінде 3 мыңнан астамы реанимациялық. Қазіргі уақытта елімізде 19 066 инфекциялық төсек-орын бар, олардың 15%-ы пайдаланылуда, 1 522-і реанимациялық, оның 14%-ы қолданыста», - деп хабарлады Қожахметов.

Инфекциялық және провизорлық стационарларда 3379 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша 2 619 бірлік сатып алынады, оның ішінде 1500-і елімізде шығарылған. Бүгінгі таңда республика бойынша 21 566 төсек-орынның жанында оттегі бар, қосымша тағы 9300 төсек-орынды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Кестеге сәйкес, 8600 құрылғыны жеткізу қыркүйек айында аяқталады, қалған 700-і қазан айында әкелінеді.

Бұдан басқа, жыл соңына дейін жедел медициналық жәрдем қызметі елімізде жасалған 1167 санитарлық автокөлікпен жабдықталуы тиіс. Ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру үшін 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады.

«Жалпы, республикада 3640 БМСК мобильді тобы құрылып, жұмыс істеуде, ал шілде айында олардың саны 1612 құраған», - деп хабарлады Қожахметов.

Бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» ЖШС стационарларда 60 000 жуық пациентті емдеу үшін төмендетілмейтін екі айлық қор қалыптастыру үшін 8,2 млрд теңгеге талап етілетін 44 дәрі-дәрмек сатып алынуда.

«Бұл шара екінші толқын үшін коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрілік заттар бойынша резерв құруға және қажеттілік пен сырқаттанушылықты жоспарлау проблемаларын шешуге мүмкіндік береді», - деді ресми өкіл.

Б.Қожахметов бұған дейін амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілгенін еске салып өтті. Дәрілік заттардың 5 атауын, дене қызуын басатын препараттар мен антикоагулянттарды қамтитын COVID-19 нозологиясы енгізілді. Бұл жыл соңына дейін 1 млн адамды қамтуға мүмкіндік береді.