Қазақстанда коронавирустық инфекцияны жұқтыру өсімі тоқтады. Республика бойынша ахуал тұрақты және айрықша бақылауда. Бірақ жағдай түзелді екен деп босаңсуға болмайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирустық инфекцияны жұқтыру өсімі тоқтады. Билік, медициналық қауымдастық, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ахуалды айрықша бақылауда ұстап отыр. Осылайша, еліміз ең қиын кезеңді артта қалдырды деп нық сеніммен айта аламыз», - деп мәлімдеді Б. Қожахметов.

Дегенмен, спикер, жағдай дұрысталды екен деп босаңсуға болмайтындығын атап өтті. COVID-19 қарсы күрес шараларының келесі маңызды кезеңі - вирус салдарынан болатын ауру мен өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге ғана емес, сонымен қатар пандемияның өзге де қосымша факторларын жоюға бағытталған.

«Әрбір қазақстандықты қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.