Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Бас прокуратураның цифрлық жобаларының жүзеге асырылуы туралы ақпараттандыруға арналған баспасөз маслихаты өтті. Елімізде электрондық қылмыстық және әкімшілік өндірістердің қазақстандық форматы енгізілді. Мемлекеттік органдарды тексеру, азаматтардың өтініштерін тіркеу үрдістерін автоматтандыру және аналитикалық құралдарды жасау туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Бағлан Бекбауов айтты.

"Біз алдымызға мақсат қойдық - құқықбұзушылықтың тіркелген сәтінен бастап сот шешім шығарғанға дейінгі барлық қылмыстық сот ісін жүргізу үрдісін электронды форматқа көшіру, әрі қарай жазаның орындалу үрдісін де көшіретін боламыз", - деді спикер.

Былтыр жобаның модулі әзірленіп, құқыққорғау органдары істерді тергеудің электронды форматына кіріскен. 2018 жылы электронды тергеу теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша болса, биылдан бастап ауырлығы орташа дәрежедегі қылмыстарды тергеу іске қосылады. 2021 жылдың аяғына дейін қылмыстың барлық санаттары бойынша тергеуді автоматтандыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, тиісті орган "е-Өтініштер", мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерін қарау және қабылдаумен байланысты жұмысын құрылымдауға арналған жобасын ұсынған.

«Жүйе шағымдардың сипаты бойынша қарауға құзіретсіз органдарға түсу жайттарын азайтады, өңірлер және мемлекеттік органдар бойынша азаматтардың өтініштеріндегі проблемаларды талдауға , сондай-ақ, қарау мерзімдерінің бұзушылықтарын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Бизнесті тексерудің ашықтығын және оны азайту мақсатында барлық мемлекеттік органдар үшін бірыңғай ТСОБТ жүйесі іске қосылды», - деді Бағлан Бекбауов.

2018 жылдың шілде айынан бастап тексерістерді электронды тіркеу басталған. Бұл бақылаушы органдарға кабинеттен шықпай тексеріс тағайындауға, ал кәсіпкерлерге уақтылы біліп отыру мүмкіндігін берді.