Бүгін ҚР Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметінде" ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бағдарламаны іске асырудың алдын ала қорытындылары туралы баяндады.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты экономиканың орнықты дамуы үшін білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту.

"Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мониторингісінің 3 жылдық және 2019 жылғы 9 айдағы қорытындысы көрсетілетін білім беру қызметтер сапасы деңгейінің жоғарылау үрдісін көрсетеді. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту есебінен, оның ішінде жеке меншік балабақшалардың саны өсті", - деді министр.

Сәйкесінше, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 13,6% артқан.

Ал, орта білім беру жүйесінде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Жаңартылған мазмұнда функционалдық сауаттылыққа – біліміне ғана емес, сонымен қатар алған білімін өмірде қолдана білуге де баса назар аударылады. Мектеп оқушыларының 95,4%-ы немесе 1-10 сыныптар жаңартылған мазмұнға көшті. Сонымен қатар, 5 күндік оқу аптасы мен білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың критериалды жүйесі енгізілді.

"2018 жылы жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейтуді қарастыратын заң қабылданған болатын. 50 ЖОО-да қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүргізілуде. Жыл сайын бакалавриаттың ЖҒЦ мамандықтары бойынша ағылшын тілінде 10 білім беру бағдарламасы енгізілуде", - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, Парламентте "педагог мәртебесі туралы" Заң жобасы қарастырылуда. Ол педагогтарға тәлімгерлік, ғылыми дәрежелер, дәптерлер мен т.б. тексеру бойынша қосымша жұмыстар, сондай-ақ педагогтарды өзіне тән емес функцияларға тартқаны үшін санкцияларды қарастырады деп мәлімдеді.