Енді еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдарында пациент туралы ақпаратты жинау, сақтау және алмасу тиімді әрі оңай болады. Ол үшін электрондық денсаулық паспорты жұмыс істейді. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев медицинаның цифрландыруы бойынша жаңа жүйені таныстырды.

"Денсаулық сақтауды цифрландырудың негізгі принципінің бірі «пациентке жағдай жасау» болып табылады, оны іске асыру үшін ақпараттандыру және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау платформасында ұлттық деңгейдегі «Электрондық денсаулық паспорты» компоненті көзделген", - деді вице-министр.

Спикердің айтуынша, ЭДП бар пациент жайлы ақпарат интеграциялық платформаның құрамына кіретін ЭДП бірыңғай орталық репозиториясында сақталады және медицина қызметкерлеріне де (пациенттің келісімі бойынша), сондай-ақ пациенттерге де қолжетімді болады.

Ал, электронды денсаулық паспортында мынадай ақпараттар тіркелетін болады. Пациентке қызмет көрсететін және тіркелген медициналық ұйым туралы, учаскелік дәрігердің аты-жөні, рецептің атауы, жазылған күні және оны берген дәріхана, диагнозы мен хаттама нөмірі сияқты емделушіге қатысты барлық құнды ақпарат қамтылған.

Осылайша, ұлттық ЭДП-да әрбір пациент бойынша медико-санитариялық алғашқы көмектің қандай ұйымдарына тіркелгеніне және елдің қандай медициналық мекемелерінде медициналық қызмет алғанына қарамастан барлық жергілікті ЭДП-дан ақпарат шоғырландырылатын болады.

"Егер бұрын дәрігер 600-ге жуық форма толтырса, қазір қағазбастылық саны 120-ға дейін қысқарды. Цифрландыру нәтижесінде дәрігердің 25 минут уақыты үнемделеді", - деді Олжас Абишев.

Кез-келген емделуші мобильдік қосымшаларды қолдана алады:

iOS: https://apps.apple.com/ru/app/egov-mobile/id1476128386;

Android: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.mobile.mgov.