Пневмония кезінде неге бірден антибиотиктер тағайындамайды? Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде барша қазақстандықтарды алаңдатқан мәселелер қаралды. Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санаттағы дәрігер Раушан Қарабаеваның айтуынша, қазіргі пневмония вирустық, сондықтан бактерияға қарсы препараттар оған еш әсер етпейді.

«КВИ жұқтырғандардың антибиотиктерді бақылаусыз қабылдап жатқанын көріп жүрміз. Бұл дұрыс емес, әрі қауіпті. Антибиотиктер ағзаның иммунитетін қалыптастыруға қажетті ішек микрофлорасын бұзады. Нәтижесінде, бұл кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұнымен қоса, антибиотиктерді ешқандай белгілерсіз тағайындаған жағдайда, микроағзалар бактерияға қарсы заттарға тұрақты және төзімді болады. Бұл өте күрделі мәселе деуге болады. Адам ағзасында антибиотиктертердің көптеген түрлеріне микробтардың сезімтал емес, мультирезистентті штаммдарының қалыптасуы – бұл жаһандық мәселе. Бұл келешекте бактериалды инфекцияларды емдеуде қиындықтарға әкеп соғады», - деді дәрігер.

Айта кетерлік жайт, бүгінде ауыр жағдайда ғана қолданылатын бірқатар антибиотиктер мен гормондарды сатып алу және қабылдау жағдайлары жиілеп отыр. Бактериялық компонент болған кезде коронавирусты антибиотиктермен тек дәрігердің нұсқауымен ғана емдеу қажет.