Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағалары жаңа заң жобасын таныстырды.

Мемлекет басшысы қол қойған заң еліміздің агро өнеркәсіп саласына оң өзгеріс әкеледі дейді мамандар. Айталық, агроөнеркәсіптік кешені саласындағы нормативтік құқықтық актілердің тиімді орындалуын және саладағы көптеген қызметтерді жаңғыртып, жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

"Көрсетілген заңнамалық нормалар агроөнеркәсіптік кешен саласын дамыту бағдарламасында жоспарланған нысаналы индикаторларға ашық әрі тиімді түрде қол жеткізуді қамтамасыз етеді", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.

Маңызды жаңашылдықтардың бірі - ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін бірқатар жаңа субсидиялардың қарастырылуы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану мониторингін жүзеге асыру аясындағы жерді қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану бойынша нормалар бекітілді.

Заң аясында бизнестің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстары барысындағы шығындарын субсидиялау көзделген. Бұл бизнесте қажетті зерттеулер жүргізу үшін ауыл шаруашылығындағы инновацияларды енгізу ауқымын жеделдетуге мүмкіндік береді.

2020 жылдан бастап ауыл шаруашылығындағы міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу көзделген. Сондай-ақ АӨК субъектілері үшін қаржыландыруды ұлғайтуға мүмкіндік беру мақсатында сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларына көшу қарастырылған. Агросақтандыру қызметтері "QOLDAU" бизнеске арналған цифрлық платформасы арқылы электрондық форматта ұсынылатын болады. Сондай ақ сақтандыру жағдайы анықталған кезде осы платформа арқылы егіс алқаптарына космомониторинг жүргізілетін болады.

Жалпы, Заңмен 42 заңнамалық актіге, оның ішінде Жер, Орман, Бюджет, Салық және Қылмыстық кодекстерге түзетулер енгізілген.

Барлық брифингтер туралы білгіңіз келеді ме?
Бізге жазылыңыз канал в Telegram!