2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Бизнестің жол картасы» тағы бес жылға – 2025 жылға дейін ұзартылды. Қазір ол айтарлықтай өзгерістермен жүзеге асырылуда, бұл бизнес үшін қаржыландыруға қол жеткізуді жеңілдетеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Бәйтерек» холдингі басшысының орынбасары Рустам Қарағойшин мәлім етті.

Ол субсидиялау құралы бойынша салалық шектеулер алынып тасталғанын, кәсіпкерлер үшін мөлшерлеме 6% деңгейінде біріздендірілгенін, ал несиелер сомасы 2,5-7 млрд теңгеге дейін 5 жылға ұлғайтылғанын атап өтті.

Екінші бағыт бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкер үшін несие сомасының 85% ы 360 млн теңгеге дейін кепілдендіріледі. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін несиенің жартысына 1 млрд теңгеге дейін кепілдік беріледі. Айналым қаражатын 100%-ға 500 млн теңгеге дейін толықтыруға бағытталған несиелер кепілдік беруге жатады. Сондай-ақ салалық шектеулер (сауда мен тыйым салынған қызмет түрлерін қоспағанда) алынып тасталды.

Бұдан басқа, «БЖК-2025» жаңа бағдарламасына азық-түлік, сабын және жуғыш заттар, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдары, автомобиль көлігімен жүк тасымалдау, қойма шаруашылығы және қосалқы көлік қызметі, туризм, жалға алу және меншікті немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті басқару саласындағы ірі бизнес субъектілері енгізілді.

«Бәйтерек» холдингі мен «Даму» қоры мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында міндеттемелерді толық көлемде орындауды жалғастыратынын атап өткім келеді. Біздің міндетіміз - кәсіпкерлер санын арттыру. Егер қазір елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 30,8%-ды құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 35%-ға дейін өсуі тиіс. Бес жылдың ішінде осындай үлкен өсім болады деп күтілуде, сондықтан мен кәсіпкерлерімізді өз бизнесін құру немесе дамыту үшін мемлекеттік қолдауға жүгінуден қорықпауға үндеймін», - деп түйіндеді Р.Қарағойшин.