Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмектің жаңа талаптары туралы баяндады.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұқтаж азаматтарға АӘК жан басына шаққандағы орташа кірісі 20 789 теңгеден төмен отбасылар құқылы. Биылғы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңге көлемінде белгіленіп, шекті өлшем күнкөріс деңгейінің 50-ден 70%-на дейін ұлғайтылған. АӘК жан басына шаққандағы кіріс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде тағайындалады, бірақ бұл ретте балалар ең төменгі күнкөріс шегінің 70%-ын (20 789 теңге) алатын болады.

«Биылғы жылдың тоғыз айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері бір адамға 2,5 есе, 6848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін өсті. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206,2 млрд теңге қарастырылған, оның 146,4 млрд теңгесі төленді», – деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, ведомства басшысы АӘК әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ғана ақшалай төлемдер түрінде және жеке ісін бастауға оқытуға, жұмысқа орналасуға және қолдау көрсету арқылы отбасын өмірлік қиын жағдайдан шығаруға көмектесуге бағытталғанын атап өтті.

«Көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері бала санына қарай есептелетін болады. Әр балаға 10-11 мың теңге төленеді», - деп атап өтті.

«Алайда, мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті асыра пайдаланғандар да болған. Өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заңсыз тағайындалған. Біз төлемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық. Бизнеспен айналысу фактілерін жасыру жағдайлары да аз емес. Мысалы, Алматы облысында көпбалалы отбасы ағымдағы жылдың 11 маусымынан бастап АӘК алды. Бірақ тексеру барысында бұл отбасының 852 бас мал тіркелген шаруашылығы бар екені анықталды», – деді Б.Нұрымбетов.