ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов ШОБ және жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасау нәтижелері туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қаржы министрлігі заңнамаға түзетулер енгізіп, тиісті ішкі нормативтік құқықтық актілер әзірледі, соның негізінде ағымдағы жылы шағын және орта бизнес субъектілері үшін, сондай-ақ жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасалды.

Б. Шолпанқұлов еске салып өткендей, 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша берешегі бар салық төлеушілер рақымшылық науқанына ілігіп, өтеу кезінде есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады.

Салықтық рақымшылық қорытындысы бойынша, жалпы республика деңгейінде 8,3 млрд теңге сомасына бересі бар 41 183 салық төлеуші өтелді. Бұл ретте есептен шығарылған өсімақылар мен айыппұл сомасы 2,9 млрд теңгені құрады, деп атап өтті Қаржы министрінің бірінші орынбасары.

2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша салықтық тексерулердің нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасауға байланысты бересі анықталмаған салық төлеушілер рақымшылыққа ілікті.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың тамызынан бастап салық заңнамасын бұзған, алайда оны өз бетінше жойған және 2018 жылдың 1 қазанына дейін төлеу мерзімімен өткен салық кезеңдері үшін қосымша салық есептілігін ұсынған салық төлеушілерге де рақымшылық жасалады.

Нәтижесінде 3 214 салық төлеуші амнистияны пайдаланды, олар 10,1 млрд.теңге бересіні төлеген. Олардың 3,6 млрд теңге көлеміндегі айыппұлдары мен өсімақылары есептен шығарылды.

«Осылайша, салықтық рақымшылықты қолданған салық төлеушілердің жалпы саны 44 397құрады, төленген бересі 18,4 млрд теңгені, ал есептен шығарылған өсімақылар мен айыппұлдар - 6,5 млрд теңгені құрайды», - деп түйіндеді Б. Шолпанқұлов.

Тамыз айында Қаржы министрлігі жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жариялады, ол азаматтарға өткен жылдардағы салық міндеттемелері бойынша негізгі борыш сомасын төлеуге мүмкіндік берді.

Б.Шолпанқұловтың айтуынша, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық берешегі бар жеке тұлғалардың саны 1,4 млн адамды құрады, олардың негізгі қарыз бойынша 13,9 млрд теңге және есептелген өсімақы 6,3 млрд теңге болды.

Жеке тұлғалардың бересілерінің ең көп сомасы көлік құралдарына салынатын салыққа - бұл 10,1 млрд.теңге немесе жалпы соманың 73% құрайды.

Мүлік салығы бойынша бересі сомасы 1,6 млрд теңгені немесе 11,5% - ды, жеке табыс салығы бойынша - 1,2 млрд теңгені немесе 8,6% - ды және жер салығы бойынша-617 млн теңгені немесе 4,3% - ды құрады.

Түсіндіру жұмыстарының нәтижесі бойынша 672 530 жеке тұлға 14,6 млрд теңге көлемінде өз қарызын төледі, олар үшін 2,8 млрд теңге көлемінде өсімпұл есептен шығарылды.