Мектеп оқушылары арасында спортты дамыту кәсіпкерлер де демеушілік көрсетуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты.

«Қазақмыс» АҚ бастамашылық танытып Жезқазған қаласындағы спорт инфрақұрылымдарын салу және күрделі жөндеу, спорттық құрал-жабдықтарды сатып алу арқылы сәтбаевтық кеншілердің балаларын спортқа баулуға бағытталған «Намыс» жобасы да сәтті жүзеге асырылуда», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Министрдің айтуынша, әсіресе шалғай елдімекендерге қол ұшын созу басты назарға алынып отыр.

Сонымен қатар, әуесқойлықтан кәсіби спорт әлеміне жол салатын студенттік спортқа, оған қажетті инфрақұрылымды жақсартуға және бапкерлерді қолдауға аса мән беріліп жатқанын да айтып өтті.

«Халықаралық тәжірибелерге сүйенетін болсақ, спорттық стадиондарға олимпиадалардың жаңа жұлдыздары мен жанкүйерлердің кумирлері тап осы университеттік командалардың арасынан шығады», - деді ол.

Айтуынша, республиканың 131 жоғары оқу орынында 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциялары ашылған. Оларда 177 мың студент спортпен айналысады, ол жалпы студенттер санының 32,3%-ын құрайды. Сондай-ақ, 772 колледжде 268 мыңнан астам студент спортпен шұғылданады.