Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин және министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп короновирустық инфекцияға байланысты жаңа мәліметтермен бөлісті.

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, бүгінде ҚХР-дағы жағдай тұрақталған. Күнделікті өсу бәсеңдеген. Өткен күннің нәтижесі бойынша ауруды жұқтыру 0,28 % төмендеген. Алайда, әлемнің басқа елдерінде короновирустың таралуы қарқын алып жатыр.

Айталық, Оңтүсік Корея республикасында соңғы екі күнде короновирусты жұқтыру екі есеге өскен. Бұл жағдай Оңтүстік Кореяның екі провинциясында тіркелген. Кореяда 23 мың Қазақстан азаматы бар. Олардың арасында науқас жұқтырғандар тіркелмеген. Сонымен қатар, Италия елінде 144, Жапонияда 132, Сингапур 89, Иран 43, Тайланд 35, Малайзия 22 Вьетнамда 16 науқас тіркелген.

«Бұл мемлекеттер қазіргі таңда бізді ерекше алаңдатып отыр. Осы аталған мемлекеттерге шықпауларыңызға кеңес беремін. Егер алдын ала жоспарлап қойсаңыз билет құны өзгеріссіз қайтарылады. Шетелде науқас жұқтырғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ»,- деді Ж.Бекшин.

Елге келіп жатқан әрбір ұшақ және оның жолаушылары қатаң бақылауда. Сонымен қатар, Жандарбек Бекшин барлық шекаралас өңірлерге өзі барып көргенін алға тартты. Спикердің айтуынша бүгінде елге кіретін барлық жол қатынас түрлері қатаң бақылауда. Короновирус елде тіркелген жоқ.

Сонымен қатар, Жапонияны лайнермен саяхаттаған төрт қазақстандық елге жеткізілді. Олардың денсаулықтары тексеріліп, короновирус белгілері анықталмаған.