Қаржы мониторингі комитеті рейдтік шаралар барысында дәрі-дәрмек сату орындарын тексереді, әлеуметтік желілерге, интернет-алаңдарға талдау жасайды, сондай-ақ, азаматтардан келіп түскен өтініштерді қарайды. Бұл туралы онлайн баспасөз- конференциясы барысында ҚР ҚМ ҚМК Экономикалық тергеу қызметі басқармасының басшысы Еркебұлан Асанбаев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, 5-6 шілде күндері Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, павлодар және Түркісан облыстарында 18 құқықбұзушылық тіркелді. Нәтижесінде, жалпы құны шамамен 727 млн теңгені құрайтын 182 мың дана түрлі дәрі-дәрмек анықталды. Бұл деректер бойынша ҚР ҚК 214-бап («Заңсыз кәсіпкерлік») және 189-бап («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») бойынша 4 қылмыстық іс қозғалды, 3 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін өкілетті органдарға жіберілді, 11 материал бойынша тиісті шешімдер қабылданады.

«Дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне байланысты заңсыз айналымнан алынған медициналық препараттар халық пен медициналық мекемелердің қажеттілігіне беріледі. Мұндай тәжірибе қолданыста бар. Үстіміздегі жылы наурыз-сәуір айларында 9,4 млн маска, 55 мың литр антисептик, 102 мың литр спирт және бұған дейін айналымнан шығарылған 89 мың алкоголь бөтелкесі денсаулық сақтау органдарына берілген болатын», - деді Е.Асанбаев.