11 қыркүйектегі мәлімет бойынша елімізде COVID-19 жұқтырғандардың жалпы саны 106 661 жетті. Соңғы бір тәулікте індетті 77 адам жұқтырды. Қазіргі уақытта 4596 адам ем қабылдауда, 100 409 адам жазылып шықты, 1656 адам індеттен көз жұмды.

Сонымен қатар, елімізде коронавирусқа ұқсас белгілері бар, бірақ ПТР сынақтың теріс нәтижесі шыққан 28 928 жағдай тіркелді,оның ішінде 6 642 науқас емделіп шықты. Қайтыс болғандар саны 318. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.

«Тамыз-қыркүйек айларында симптомды және симптомсыз коронавируспен ауыру статистикасын біріктірдік. Мұндай тәжірибе болжамдар жасайтын және медицинаның мүмкіншілігін есептейтін сарапшылар үшін ғана тиімді екеніне көз жеткіздік. Ал, қоғамда сандарды шатастырып түсінбейтін тұстары көбейіп кетті. Сол себепті күн сайын жарияланатын мәліметтерді екіге бөліп беруді тоқтаттық», - деді Б.Қожахметов.

Оның атап өтуінше, соңғы тәулікте Шымкентте COVID-19 жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген, Манғыстау және Ақтөье облыстарында індетті жұқтырған бір адамнан анықталды. Бұл санитарлық нормалардың сақталатынының белгісі, дейді мамандар.