ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде азаматтық қорғау органдарының су тасқыны кезеңіне әзірлігіне арналған брифинг өтті.

Іс-шараға қатысқан ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин ІІМ орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көктемгі су тасу кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша іс-шаралар кешенін жүргізгенін атап өтті.

«Ағымдағы жылдың су тасқыны қауіпті кезеңіне дайындық мақсатында, 2019 жылдың күзінде өңірлерде 165 шақырым қорғаныс бөгеттерін салу және жөндеу; су тасқыны қаупі бар өзендердің 375 шақырым арналарын жағалауды бекіту, түбін тереңдету, түзету; 156 шақырым су бұру арналарын орнату; 6 мың км 3513 дана арнананы, 4709 дана арықты және 17 мың бірлік автокөлік және т/ж көпірлері астындағы су өткізу құрылыстарын тазарту бойынша жұмыстар жүргізілді»,- деді спикер.

Жергілікті атқарушы органдардың су басуына жол бермеу мақсатында елді мекендерден 11,5 млн. астам текше метр қар шығарылған.

Сонымен қатар, су тасқыны қатерлерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі жол картасы іске асырылуда (2017-2020 жылдарға арналған), өткен 3 жыл ішінде су тасқыны әсеріне ұшыраған 1046 елді мекеннен 437 елді мекенде су басу қаупін болдырмауға және 287 елді мекенде су басу қауіп-қатерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Ықтимал су басу жағдайына эвакуацияланатын халықты қабылдайтын 1707 бекет әзірленді, маршруттар жаңартылды, қажетті көлік бөлінді.

Эвакуацияланған халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктер қажетті құралдар (шатыр-кереуеттер) дайындады. Азық- түлік пен ауыз су қоры жасалды.

Су тасқыны жағдайының ықтимал қиындауына жедел ден қою мақсатында ішкі істер органдарынан жалпы саны 9 мың адам және 1730 бірлік техникадан арнайы күштер мен құралдар топтамалары құрылды. Жекелеген өңірлерде су тасқыны жағдайы шиеленісуі мүмкін жағдайға қосымша көмек жіберу үшін ТЖК және Ұлттық ұланның аумақтық бөлімшелерінің күштері мен құралдарының резервтік топтары дайындалды.

25-26 ақпанда «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау басқару органдарының, күштер мен құралдардың іс-қимылдары іс жүзінде пысықталды, Басқару штабы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.