Бүгінгі күні Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының тек төрттен бір бөлігі ғана еңбек қызметіне тартылған. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 40% - ға жетеді. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

Ведомство басшысының айтуынша, мүгедектігі бар адамдардың үлесін 30% - ға дейін арттыру үшін қосымша 20 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру қажет. Осы мақсатта салалы министрлік олардың құзыреті бойынша деректер базасын құруға және мүгедектігі бар адамдар жұмыс істей алатын кәсіптердің атласын әзірлеуге ниетті.

Сондай-ақ халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін мүгедектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу орындарына жіберу жоспарланып отыр, бұл ретте негізгі тетік «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы болады.

Министр атап өткендей, бизнес-жобаларды дамытуға көмек көрсету және кәсіби оқыту үшін "TenQogam" әлеуметтік қолдау орталықтарын құру жоспарлануда.

«Барлық өңірлерде 18 жастан асқан мүгедектігі бар тұлғаларды кәсіби бейімдеу және оңалтумен айналысатын Оңалту орталықтары жұмыс істейтін болады. 2020-2023 жылдар кезеңінде 8 өңірде жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстарын жалғастырады», – деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.