«Ел азаматтарына полиция органдарына және учаскелік полиция инспекторына белгілі болған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық фактілері туралы хабарлау қажеттілігі туралы айтқым келеді. Өйткені, бұл құқық бұзушылықтардың уақытылы алдын алу қылмыстың ең ауыр түрлерін болдырмауға және әйелдер мен балалардың құқықтарын сақтауға мүмкіндік береді», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің бастығы Әсет Оспанов. Бірақ бұл үндеуді оның кейбір әріптестері қолдамайтын секілді.

Басқарма бастығы Әсет Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрақтарына берген жауабында түк естімейтін учаскелік инспекторлардың да жеткілікті екендігін жасырмады. Тәжірибе көрсеткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының көбі қайғылы жағдайға дейін бірнеше рет полицияға жүгінген. Бірақ олар «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп араласпауды жөн көрді. Іле ауданындағы отбасымен осылай болған. Өз отбасын өртеп жіберген Орал тұрғынының да қауіпті екендігін ешкім ойламаған.

«Жасалған қылмыс, әсіресе отбасылық-тұрмыстық қылмыс бойынша әрекетсіздіктің әрбір фактісі бойынша қызметтік тексерулер жүргізіледі. Жыл басынан бері әскери-қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін, әрекетсіздігі үшін 100-ден астам учаскелік полиция инспекторы жауапқа тартылды. Заңнамаға сәйкес, тәртіптік жауапкершілік ескертулерден босатылғанға дейін жазалауды немесе ішкі істер органдарынан босатуды қарастырады», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Іле ауданындағы дерек бойынша қызметтік тергеу жалғасуда. Ал Оралдағы жағдай бойынша 8 лауазымды тұлға жазаланды, учаскелік полиция қызметкері қызметінен босатылды. Сонымен қатар, норматив үшін штат бойынша үш мыңға жуық учаскелік инспектор жетіспейді, олардың жартысы ауылдық жерлерде.