ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев "ҚР Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы" ҚР Президенті Жарлығының ережелерін түсіндірді.

Қорғаныс министрі атап өткендей, "Төтенше жағдай туралы" ҚР Заңына сәйкес 2020 жылдың 2 сәуірінде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін "Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы" № 296 Жарлыққа қол қойды.

Спикердің ақпараты бойынша, өңір әкімдері әскери міндеттілерді 3 ай мерзімге дейін арнайы жиындарға шақыра алады.

Анықтама: "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" ҚР Заңына сәйкес әскери есепте тұрған және денсаулық жағдайы бойынша жарамды деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы жиындарға шақырылуға жатады.

Әскери жиындарға шақырудан босатылады:

1) мемлекеттік органдарда қорғанысты, қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс істейтін адамдар;

2) мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы;

3) ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс істейтін тұлғалар егіс және жинау жұмыстары кезеңінде;

4) білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысанындағы педагогикалық қызметкерлері оқу жылы кезеңіне;

5) білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитындар;

6) әскери міндеттілер-әйелдер;

7) он сегіз жасқа дейінгі үш және одан да көп балалары бар адамдар;

8) қылмыстық заңнамаға сәйкес оларға қатысты іс жүргізу әрекеттері жүзеге асырылатын адамдар;

9) Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттары болып сайланған (тағайындалған) әскери міндеттілер жатады.

Жиын кезінде әскери міндеттілер Қарулы Күштердің әскери қызметшісі мәртебесін алады және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңға сәйкес оларға әлеуметтік сипаттағы барлық жеңілдіктер, оның ішінде тамақтану, заттай және медициналық қамтамасыз ету қолданылады.

Сонымен қатар, әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны және атқаратын қызметі сақталады. Оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтін адамдарға – ең төменгі еңбекақы мөлшері төленеді.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Қорғаныс министрлігінің басшысы әскери міндеттілерді олардың денсаулық жағдайын, отбасы жағдайын, жасын ескере отырып, қорғаныс істері жөніндегі өңірлік бөлімдер (әскери комитеттер) арқылы жиындарға шақыратынын атап өтті. Жиынға шақыру кезінде еріктілерге артықшылық беріледі.

Азаматтар тұрғылықты жері бойынша жиындарға шақырылатын болса, онда күн сайын қызметтік іс-шараларды орындау аяқталғаннан кейін олар үйлеріне кете алады.