Ұлттық спорт түрлерінің көшбасшысы - қазақ күресі. Қазіргі таңда елімізде қазақ күресімен 116 082 адам тұрақты шұғылдануда.

Елімізде ұлттық күрестің кешенді жұмысын ҚР қазақ күресі федерациясы үйлестіреді. Қазақ күресі, халық саулығының басты кепілі - бұқаралық спорт ретінде де жалпыхалықтық сипат алып үлгерді.

Қазақ күресінің бағыты - халықаралық арена, мақсаты - олимпиада ойындары. Қазақ күресі федерациясы тарапынан "2016-2021 жылдарға арналған қазақ күресін дамыту бағдарламасы" қабылданған. Бағдарлама аясында 2020 жыл ғылыми-әдістемелік және медиа жылы. Федерация өкілдерінің айтуынша 2020 жылғы жұмыс жоспары халықаралық аренада қазақ күресінің ұстанымын бекіту жұмыстары жалғасады. Осы жылы қазақ күресін мектеп бағдарламасына пилоттық жоба ретінде енгізу жоспарлануда.

Қазақ күресін ғылыми - әдістемелік негізде зерттеу, ҚР қазақ күресінен ұлттық құрама спортшыларын дайындау барысында ғылыми-әдістемелік, медициналық, медико-биологиялық жаңа технологияларды енгізу, қазақ күресін дамыту барысындағы құқықтық-нормотивтік базасын жетілдіру мақсатында Қазақ күресі академиясы ашылады. Ұлттық күрес "Qazsport" телеарнасы арқылы кеңінен насихатталатын болады. Ағымдағы жылы Европа, Азия чемпионаттары, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны, Жастар арасындағы, 23 жасқа дейінгілер арасындағы, Ересектер арасындағы Қазақстан республикасының чемпионаттары мен "Қазақстан Барысы", "Халық барысы", "Еуразия Барысы" жобалары және республикалық ірі турнирлер тікелей эфирде көрсетілетін болады.

Ұйымдаструшылардың айтуынша, ағымдағы жылы "Қазақ күресінен 2020 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесінде" балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында 104 спорттық шара жоспарланған. Оның ішінде, "Бала балуан" турнирі, Қазақстан оқушылар Гимназиядасы, Қазақстан колледж студенттері арасындағы Спартакиада, қазақ күресінің бір тармағы белдесуден "Қазақ Арланы","Дала Арланы" спорттық шаралары тұңғыш рет өткелі тұр.

Ақпарат кеңістігін көздеген Федерация БАҚ өкілдері арасында "Қазақ күресінің үні" атты конкурс жариялайды. Жыл бойында ұлттық күресті кеңінен насихаттаған журналистерге қомақты жүлде ұсынылатын болады. Сондай-ақ, қазақ күресінің төлтаңбасын (логотип) әлемдік аренаға сәйкестендіру мақсатында шығармашыл жастар арасында байқау жариялайды.