Top.Mail.Ru

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен коронавирус індетінің таралуын шектеп, аурудың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының тапсырмасына сәйкес 19 наурыз сағат: 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралу қаупіне байланысты карантин режимі енгізілді.

Қала периметрі бойынша тұрғындардың қозғалысы мен көліктердің кіріп-шығуын реттеу үшін қала шеңберінде 7 блок-бекет орнатылды. Қорғаныс министрлігінің тиісті қызметкерлері және санитарлық-эпидемиялық қызметтің өкілдері және де ішкі әскер қызметкерлері сол блок-бекеттерде қызмет атқарады. Айта кетерлік тағы бір маңызды мәселе, қала басшылығы Талапкер, Қараөткел (Ильинка), Қоянды, Қосшы, Жібек жолы, Шұбар ауыл тұрғындарының қозғалыс мәселесін реттеді. Бұл елді мекен тұрғындарының қала шеңберіндегі қозғалыс ережелері, қала тұрғындарымен теңбе-тең. Санитарлық-эпидемиялық талаптарға сай, карантин аумағы қала сыртындағы елді мекендердің шекарасына дейін барынша кеңейтілді. Яғни блок бекеттер бұл ауылдардың сыртында орналастырылды.

Тұрғындар үшін маңызды ақпарат, елордаға кіруге және қаладан шығуға әзірше уақыттары бар. Алдағы 72 сағат авиа және темір жол қатынастары арқылы қаладан кету немесе келу үшін мүмкіндік беріліп отыр. Ағымдағы жылдың 22 наурызынан бастап барлық санаттағы тұрғындарға қала аумағына кіруге және шығуға толық шектеу қойылады. Кез келген қатынастардың транзиттік тасымалдаулары, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында тоқтатылмай жүргізіледі. Яғни, жолаушы пойыздары қала арқылы өтеді, бірақ тоқтамайды. Ал 22 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласының өзінен ешқандай «жолаушы пойыз» жолға шықпайды. Қала аумағын басып өтетін не болмаса азық-түлік тасымалдайтын көліктер арнайы ЖАСЫЛ ДӘЛІЗбен ғана қатынасады.

Аталған індетті ескерту және алдын алу бойынша бірқатар талаптар күшейтілді. Атап айтқанда:

  1. Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін арнайы ӨҢІРЛІК жедел штаб құрылды. Ол тәулік бойы қызмет етеді.
  2. Төтенше жағдай кезінде, Карантинге сәйкес халық пен шаруашылық субъектілерінің қызметін реттеу үшін, қалалық штабтың арнайы шешімі қабылданды.
  3. Карантин жағдайында қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы іс-шаралар жоспары іске асуда. Қосымша азық-түлік тауарларын жеткізу мәселесі, өңірлермен бірлесе отырып шешілді. Қазіргі таңда халыққа ең бірінші қажетті әлеуметтік және тұтынушылық тауарлар қоры жеткілікті. Сауда үйлері мен қоймаларда артық көлемде қор жинақталған.
  4. Денсаулық сақтау министрлігінің А және В жоспарындағы іс-қимыл алгоритміне сәйкес, коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен байланысы болған тұлғаларға арналған алдын алу жатын орындары мен карантин стационарлары кеңейтілді. С жоспарына сәйкес қосымша жатын орындар жасақталды.
  5. Фармацевтика қауымдастығы мен Тауарлардың қауіпсіздігін, сапасын және қызметін бақылау департаменті арасында бағаны реттеу, сондай-ақ дәрілік және медициналық тауарларды жеткізу бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Санитарлық-эпидемияға қарсы кеңейтілген іс-шаралар кешені іске асырылуда:

  • Аялдамаларды, қоғамдық көліктерді, көше бойларын және өзге де әлеуметтік маңызды нысандарды санитарлық реттеу және дезинфекциялау жұмыстары ұйымдастырылуда (арнайы хлорлы сұйықтық арқылы)
  • Азық-түлік өнімдерін сататын сауда үйлері мен дүкендердің үзіліссіз қызмет ету мүмкіндігі қамтамасыз етілуде;
  • Қоғамдық тамақтану орындарында онлайн тапсырыс беру және тамақты үйге жеткізу форматы жүйесі ұйымдастырылды;
  • Бизнес орталықтар, стоматология, шаштараз және тағы басқа халыққа жекелей қызмет көрсету орындары сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қызмет ету режимінде болады;
  • Құрылыс және олардың мердігер компаниялары санитарлық нормаларды күшейте отырып, штаттық режимде жұмыстарын жалғастыра береді.

Тұрғындар және заңды тұлғалар, меншік нысанына қарамастан шектеу шараларын, соның ішінде карантиндік режимді орындауға міндетті.

Барлық брифингтер туралы білгіңіз келеді ме?
Бізге жазылыңыз канал в Telegram!