Нұр-Сұлтанда коронавирустық инфекция бойынша бүгінгі жағдай, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін қалпына келтіру жөніндегі шаралар туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-конференция барысында қала әкімінің орынбасары Б.Мәкен мәлімдеді.

Спикердің ақпараты бойынша, бүгінгі таңда қалада КВИ жұқтырудың 599 жағдайы тіркелген (9% өсім), стационарларда 332 пациент ем қабылдауды жалғастыруда (10 пациенттің жағдайы тұрақты ауыр, оның ішінде 5 пациент өкпені жасанды желдетуде).

28 сәуірдегі жағдай бойынша 214 адам жазылып, 2 576 адам үй карантинінде қалады. 29 680 зертханалық зерттеулер (ПТР) өткізіліп, 15 528 адам экспресс-тестілеуден өтті. Жүргізілген дезинфекциялық жұмыстар аясында 2 832 тұрғын үй кешені, 10 мың кіреберіс, 1 600-ден астам аула алаңдары қамтылды.

Астанада санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуы жағдайында:

  • Екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары және сақтандыру компаниялары;
  • риэлтерлік компаниялар, агенттіктер, жылжымайтын мүлікті бағалау бойынша консалтингтік қызметтер;
  • электр тұрмыстық техниканың ірі дүкендері, сондай-ақ саяжай маусымы үшін тауарлар сататын дүкендер;
  • зоомагазиндер мен көшеттерді, тұқымдарды сататын дүкендер өз жұмыстарын бастайды.

Қызметі рұқсат етілген барлық ұйымдар үшін жұмыс істеудің егжей-тегжейлі алгоритмдері дайындалды. Бұл ретте, кәсіпорын басшылары барлық қызметкерлерді жеке гигиена құралдарымен қамтамасыз етуге, антисептика орнатуға, дезинфекция жүргізуге тиіс. Спикер қызметкерлердің денсаулығына, коронавирустық инфекцияны жұқтыру мен тарату қаупіне меншік иелері мен ұйым басшылары жауапты екенін еске салды.

Б.Мәкеннің айтуынша, КВИ жұқтыру қаупін ескере отырып, қоғамдық көлік және адамдар көп жиналатын нысандардың (кинотеатрлар, СОО, клубтар, мейрамханалар/кафелер) жұмысы карантин соңына дейін қалпына келтірілмейді.

Сонымен қатар, бекітілген шарттар мен шектеу талаптары сақталған жағдайда 27 сәуірден бастап халықтың аула алаңдары мен саяжай алқаптарына қол жеткізуіне рұқсат етілген.

28 сәуірдегі жағдай бойынша ТЖ кезінде табыстарын жоғалтуына байланысты азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету шеңберінде 42 500 теңге көлемінде 275 мыңнан астам қала тұрғындары әлеуметтік көмек алды. Әлеуметтік төлемдерді алуға 594,7 мыңнан астам адам өтінім берді, оның ішінде 301 мың өтінім бойынша бас тартылды. "Біз біргеміз" акциясы аясында 19 наурыздан 23 сәуірге дейін 50 мың теңге көлемінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары арасынан 14 478 отбасына көмек көрсетілді, 11 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылды, 1,5 млн.жуық медициналық бетперде алынды.

Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында әуе қатынасы жаңартылуда. Бастапқы кезеңде ұшу жиілігі күніне 4 рейс құрайды. Рейстер санитарлық талаптардың күшейтілген нормаларымен, жолаушылардың аз санымен және салонда ерекше қашықтықтан отырғызумен жүзеге асырылатын болады.

"Ұшу үшін жолаушыларға алдын ала коронавирусқа тест тапсыру керек", - деп атап өтті Б.Мәкен.

Өз сөзінде Б.Мәкен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу қарсаңында 44 астаналық ардагер 1 млн.теңгеден алады деп атап өтті. Бір жолғы ақшалай төлемдерді тыл еңбеккерлері, қайтыс болған ҰОС мүгедектері мен қатысушыларының әйелдері, сондай-ақ жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген барлық адамдар алады.