Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында еліміздің бірнеше ведомства өкілдері журналистерді заңның қолданылу аясы туралы түсіндірді. Спикерлер Ермек Алпысов – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі; Бибігүл Асылова - ҚР Білім және ғылым экономика вице-министрі мен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Заңдағы өзгерістерге Ұлттық экономика вице-министрі кеңінен тоқталып өтті. Ермек Алпысовтың айтуынша, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың құзыретін кеңейту, білім беруді басқару мен қаржыландыру, Мемлекеттік күзет қызметін қайта құру, «Сырбар» Сыртқы барлау қызметін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне біріктіру арқылы қайта құру, ел азаматтарының банктерге қарызын азайту, жастар кадр резервін қалыптастыру құжат негізінде бекітілді.

Заң арқылы жалпы Жер, Бюджет, Қылмыстық-процестік, Азаматтық процестік кодексіне, Салық секілді 5 кодекске, сондай-ақ 25 заңға 46 түзету енгізілді. Орта бизнестің ырысын молайтып, өңірдегі шағын кәсіптің дамуына серпін беретін біраз оң өзгерістер жүзеге асырылады.

«Шағын кәсіпкерліктен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге беріле бастайды», деді вице-министр. – Осылайша, үстіміздегі жылы жергілікті бюджетке 386,4 млрд.теңге, келесі жылы 428,8 млрд теңге, 2022 жылы 471,4 млрд теңге түседі», - деді Ермек Алпысов.

Биылдан бастап, республикалық бюджетке тек ірі кәсіпкерлердің корпоративтік табыс салығы ғана алынады. Ұлттық экономика және Қаржы министрлігі үш жыл сайын бұлардың тізімін бекітпек. 2020-2020 жылдарға арналған тізім бұл күнде Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылған.

Ал білім беру саласына бөлінетін бюджет қаражаты облыс деңгейінде шоғырланатын болады.

Сондай-ақ, білім басқармасы органдарының басшыларын тағайындау және босату тәртібі өзгертілді. Биылдан бастап басшыларды тағайындау және босату Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің келісімі бойынша жүзеге асырылады.

Өз кезегінде білім басқармалары Министрліктің келісімі бойынша білім бөлімдерінің бірінші басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады.

Бұл ретте аудан әкімдігінің келесі құзыреті сақталады:

  • жетім балаларды міндетті түрде жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;
  • түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;
  • ауылдарда білім беру ұйымдарына жұмысқа келген жас мамандардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
  • оқушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру мәселесін қарастыру.

Сондай-ақ, жеке меншік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру рәсімі өзгереді.

Атап айтқанда, мемлекеттік тапсырысты орналастыру әкімдіктерден «Қаржы орталығы» АҚ-нан беріледі; комиссиялық шешім қабылдаудан бас тарту; құжаттар пакеті қысқартылады. Айта кеткен жөн, бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар тарапынан ұйымдарға қатысты таңдау мен сыбайлас жемқорлық тәуекелін болдырмайды, өйткені таңдау ата-анаға тиесілі.