Енді қазақстандықтар өз атына қанша ұялы байланыс нөмірі тіркелгенін біле алады.

Бұл туралы бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері хабарлады. Абонентке тіркелген нөмірлер санын білу үшін https://imei.rfs.gov.kz/ сайтына кіріп ЖСН-ын енгізу қажет. Жүйе автоматты түрде тіркелген нөмірлер санын және қандай ұялы операторды да көрсетіп береді. Телекоммуникациялар комитеті абонент өзінің жеке сәйкестендіру нөміріне белгісіз телефон нөмірлерінің тіркелгенін анықтаған жағдайда белгісіз нөмірді байланыстан ажыратуды ұсынады.

«Бізге азаматтар өз аттарына белгісіз телефон нөмірлерінің тіркелгені туралы жиі шағымданады. Сондықтан да біз қазақстандықтарға өз атына тіркелген нөмірлердің санын тексеруді ұсынамыз, себебі сіз сол нөмірді пайдаланғаныңыз үшін жеке жауапкершілік аласыз», - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.