ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов тікелей эфирде баспасөз конференциясын өткізді. Ол өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы және сан түрлі салада атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Аймақ басшысының хабарлауынша, облыс экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасып отыр. Экономиканың өсуі 105,7 пайыз.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы - 4,4 пайызға, құрылыс - 9,2 пайызға, көлік - 3,6 пайызға, сауда - 4,5 пайызға, байланыс - 6,4 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция 15 пайызға артты. Жыл қорытындысымен өндіріс көлемі 450 млрд. теңгеден артады деп күтілуде.

Жергілікті қамтуды арттыруға бағытталған «Қарапайым заттардың экономикасы» аясында жалпы құны 70,5 млрд. теңгеге 112 жобаның ішінен 20,2 млрд. теңгеге 38 жоба мақұлданды.

«Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында да жұмыстар атқарылуда. Кәсіпкерлерге тиімді қызмет көрсету үшін Тараз қаласында «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасайтын заманауи фронт-офис ашылды. Биыл кәсіпкерлерге 8,6 млрд.теңге көлемінде шағын несие берілді. Бұл көрсеткіш республика өңірлері аралығында 1 орын», - деп хабарлады аймақ басшысы.

Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2025 жылға дейін 2,9 трлн.теңгені құрайтын 69 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ағымдағы жылы 89 млрд.теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылады, оның ішінде шетел инвесторларының қатысуымен «M-KAT GREEN» күн электр станциясы (100 МВт) жобасы. Облыста баламалы электр қуатын өндіретін 5 жобаның құрылысы жүргізілуде. Қолданыстағы 9 жобаны (170 МВт) қосқанда жалпы қуаттылық 403 МВт құрайды.

Облыс тұрғындарының әл-ауқаты агроөнеркәсіп кешенінің даму деңгейімен тығыз байланысты. Себебі халықтың 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімінің өсуі бойынша республикада бірінші орында. Егістік алқабы 18 мың га ұлғайып, 687 мың га жетті. Озық технологияларды енгізу арқылы үдемелі бақ 40%-ға ұлғайып, 1029 га жетті. Қант қызылшасы 135 мың тн жетіп, 7%-ға артты. Қант өндірісін дамыту үшін қуаттылығы жылына 148 мың тн өндіретін, құны 85 млрд. теңгені құрайтын заманауи қант зауытының құрылысы басталды.

Соңғы 2 жылда 25 кооператив құрылып, 55-ке жетті. Онда 13,3 мың тн сүт, 4,5 мың тн ет өндірілді.Өткен жылы республика бойынша экспортталған қой етінің 43 пайызы облысқа тиесілі болған. Биыл бұл меже көбейтіліп, 972 тн қозы еті экспортталды, немесе республика экспортының 37%-ын құрады.

Жыл басынан 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы-жер» бағдарламасы аясында 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 11 жатақхана салынуда. Инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында ағымдағы жылы облыстың 3 аудан орталығында 3 млрд.теңгеге 108 жоба іске асырылуда. Оның 104 жобасында жөндеу жұмыстары аяқталды, ал 4 әлеуметтік нысан құрылысы 2020 жылға өтпелі.

«Еңбек» бағдарламасымен 36 мыңға жуық адам қамтылды, 27 мың адам жұмысқа орналастырылды.Есепті кезеңге облыста 18 мың жаңа жұмыс орны ашылды, оның 11,5 мыңы тұрақты.

Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту жобасы 5 бағытта жүзеге асырылмақ. Биыл 10 ауданда 11 пилоттық ауылдық округте жүргізілуде.

Білім саласында 15 жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту үлесі 100%-ға жетті. 2 жылда 14 мектеп салынып, 4 апатты, 4 үш ауысымды, 6 орын тапшылығы бар мектептің мәселесі шешілді. Есебінен үш ауысымды мектептер толығымен шешілді. Бүгінде 3 апатты мектептің құрылысы жүргізілуде. 2020 жылы бұл мәселе толық шешіледі.

Денсаулық сақтау саласында бастапқы медициналық нысандармен қамтылмаған 95 елді мекенде 2 жылда 95 нысан салынып, мәселе 100% шешілді.

Медициналық ақпараттық жүйе барлық медициналық ұйымдарда енгізілді. Интернет желісіне 391 мекеменің 383-і (98%) қосылған. Халықтың 95% электрондық денсаулық паспорттары бар.Сондай-ақ, 200 орындық онкологиялық диспансердің құрылысы жүргізілуде. Құрылысты аяқтау 2021 жылы жоспарлануда. Облыста шағын спорт алаңшаларына түгендеу жүргізіліп, қажеттілік 266 нысанды құрады. Биыл 134-і салынды. Жыл соңына дейін 40-ы пайдалануға беріледі. қалған 92 нысанның мәселесі 2020 жылы толық шешіледі. Жергілікті тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуы үшін демеушілер көмегімен 400 адамға арналған 1 спорт кешені салынды, бюджет есебінен 2-нің құрылысы жүргізілуде.

Мәдениет саласында ауыл тұрғындарының сұранысын қамтамасыз ету мақсатында облыстағы 153 ауылдық округте ақпараттық орталық ашылды.

Туризм саласына инвестиция тарту бойынша Аймақтық карта бекітілді. Оған 33 туристік нысан енгізіліп, 12 туристік бағыт айқындалды. 2 жылда 8 саябақ, гүлзарлар мен аллеялардың құрылысы жүргізілді.

Жақын күндері «Шахристан» этно-мәдени кешені (200 га астам) пайдалануға берілгелі отыр. Онда «Руханият», «Көрме орталықтары», «Көркем сурет галереясы», «Қолөнер шеберханасы», «Өлкетану мұражайы», «Тарих тану орталығы» сыңды нысандар бой көтермек.

Инвесторлар есебінен «Қаралма» тау шаңғы базасы және «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің (1 кезең) құрылысы аяқталуда.