«Қала газбен 99% қамтамасыз етілген, бірақ 3 шекаралас аудан ауа бассейніне үлкен әсер етеді. 30 мыңға жуық үй газдандырылмаған. 2023 жылдың соңына дейін толық газдандыру жүзеге асырылмақ. Қала әкімдігі дизельді қоғамдық көлік сатып алуға тыйым салды. 2 жыл ішінде 335 электр және газ автобусы сатып алынды. Әкімдік «ҚТЖ» ҰК»-мен бірлесіп қала маңындағы теміржол инфрақұрылымын дамыту және электр пойыздарын енгізу мәселесін пысықтауда. Қалалық қоғамдық көлік тармақтарын кеңейту және қалаға кіре берісте ұстап тұратын тұрақ аймақтарын құру мәселесі пысықталуда. ЖҚС-да отынның сапасын К4 және К5 экологиялық сыныптарына сәйкестігін бақылау күшейтілді. Ол үшін «Техникалық реттеу туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Кіреберісте 12 экопост орнатылған, жыл соңына дейін 19 экопост орнатылады, олар шығарындылар көлемін бақылайтын «Сергек» жүйесімен біріктіріледі. Қаланың жасыл қорын ұлғайту жоспары бекітілді, онда 2 жыл ішінде 1 млн-ға жуық ағаш отырғызылады», - деді спикер. 


Сонымен қатар, жергілікті билік жел режимін зерттеуді компьютерлік модельдеу бойынша тәжірибелік жұмыс бастады, жел режимін ескере отырып, құрылыстың бас жоспарына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірленуде. Соңғы онжылдықта қалада желдің жылдамдығы айтарлықтай төмендегені белгілі болды. Желсіз ауа райы 80%-дан асады.