«Өңірлердің Денсаулық сақтау басқармаларының жедел мәліметтері бойынша, төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап 2 678 адам зардап шегуші медициналық көмекке жүгінді, оның ішінде амбулаториялық көмекке - 1 815, стационарлық емдеуге барлығы - 863, 598 пациент үйге шығарылды, 265 - емдеуді жалғастыруда, 67 науқас ауыр халде реанимацияда жатыр. 500-ден астам күрделі хирургиялық операция жүргізілді. Бас прокуратура жариялаған 225 өлімнің 175-і медициналық ұйымдарда қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің құрылған жедел штабы өңірлермен бірге барлық зардап шеккендерге үздіксіз медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етті. Консультативтік және практикалық көмек көрсету үшін барлық республикалық жетекші клиникалар қосылды. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қалаларында «СК Фармация» дәрілік қоймаларын тәулік бойы күзету қамтамасыз етілді, онда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде пациенттерді емдеуге арналған барлық дәрі-дәрмектер, соның ішінде есірткі және психотроптық заттар сақталады. Медициналық авиация резервті құру үшін Нұр-Сұлтан қаласынан Республикалық қан орталығына 360 доза қан жеткізді. Медициналық ұйымдар дәрілік препараттармен және қан компоненттерімен толық көлемде қамтылды», - деп баяндады ведомство өкілі. 


Оның айтуынша, жаппай тәртіпсіздік барысында денсаулық сақтау объектілеріне 20 шабуыл жасалды. Сондай-ақ 7 медицина қызметкері зардап шекті және 4 өңірде 45 жедел медициналық жәрдем автокөлігі зақымданды. 


«Алматы қаласының үш медициналық клиникасы - 1, 7 және 12 қалалық ауруханалар шамамен үш тәулік бойы террористермен қоршау жағдайында болды, бұл ретте қызметкерлер бұл кезеңде ауысымсыз, бірнеше тәулік бойы жұмыс істеді. Науқастар үшін азық-түлік жеткізілмеді, дәрігерлер пациенттерге тамақ дайындады. Кейбір зардап шеккендер дәрігерлердің сұрақтарын түсінбеген және мемлекеттік және орыс тілдерінде жауап бермеген, медициналық көмек алғаннан кейін медициналық ұйымдардан рұқсатсыз кетіп, тіпті белгісіз қарулы адамдардың сүйемелдеуімен реанимациядан шыққан жағдайлар болды. Қазіргі уақытта республиканың барлық медициналық ұйымдары, оның ішінде Алматы қаласы бойынша да штаттық режимде жұмыс істейді», - деп түйіндеді спикер.