Құрылыс материалдары импортының үлесін азайту және құрылыс саласындағы отандық өндірушілерді қолдау бойынша қандай шаралар қабылдануда? Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бюджеттік инвестициялар есебінен 611 млрд теңгеге 937 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда.

Анықтама: ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй және инженерлік коммуникацияларды сатып алу және салу бойынша 843 млрд теңгеге 923 жоба іске асырылуда. 34 мыңнан астам тұрғын үй (2 млн шаршы метр) салу және сатып алу, сондай-ақ жаппай тұрғын үй құрылысы жүргізілетін аудандарда 2,5 мың км инженерлік желі салу жоспарланып отыр.

Спикер атап өткендей, жарты жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік инвестициялар есебінен 4,7 мың баспана пайдалануға берілді. Бұл ретте отандық кәсіпорындардан 159 млрд теңгеге құрылыс материалдары, жабдықтар, жұмыстар мен қызметтер сатып алынды. Бүгінде инфрақұрылым құрылысы кезінде нарықтың негізгі материалдардың құрылыс өніміне қажеттілігі 934 млрд теңгені құрайды. Отандық кәсіпорындар 586 млрд теңгенің құрылыс материалдарын өндіреді, 348 млрд теңгелік өнім импортталады (нарықтағы импорттың үлесі 37%).

ҚР ИИДМ бірінші вице-министрі отандық құрылыс индустриясын дамытуды қолдау шараларына тоқталып, қазіргі уақытта 33 жаңа жоба іске асырылып жатқанын хабарлады. Оның ішінде импортты алмастыру бойынша 8 жоба іске асырылуда. Бұл импорт үлесін 15%-ға төмендетуге және тұрғын үй құрылысында қазақстандық өнімінің қамтуын 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Табақ әйнегіне деген қажеттілікті өтеу үшін Қызылорда облысында шыны зауыты салынуда. Нұр-Сұлтанда («Керім пластикалық құбырлар» ЖШС) полиэтилен құбырлары өндірісі іске қосылды. Керамика («Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС) және арматура («Арматура Тараз зауыты» ЖШС) өндірісі артып келеді», - деді Қ.Өскенбаев.

Естеріңізге сала кетейік, "қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында отқа төзімді кірпіштер, шатыр материалдары, санфаянс және лак-бояу бұйымдарын өндіру бойынша 100% импортты алмастыратын жобаларды іске қосу қарастырылуда. Еске салайық, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ірі құрылыс компанияларымен бірлесе отырып, отқа төзімді кірпіш, шатыр материалдары, сантехникалық бұйымдар, бояулар мен лактар өндірісін 100% импортпен алмастыратын жобалар іске қосылуда.