Алматы

Жалпы мәлімет

Алматы (қазақ. Алматы; 1921 жылға дейін - Верный) Қазақстанның ең ірі қаласы, мемлекеттің қаржы, мәдени және туристік орталығы. ОлТянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан. Халқы 1,4 миллион адамды құрай отырып, жалпы республика аумағының 0,19 пайызын алып жатыр.


Табиғат

Алматы қаласы Еуразиялық континенттің орталығында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында, 77 градус ш.б. және  43 градус с.е. бойынша, Тянь-Шань тауының солтүстік жотасын, Іле Алатауының баурайын ала орналасқан.

Қаланың ауа-райы құбылмалы, температурасы әдеттегідей жыл мезгілдерінде ғана емес, тіпті күн сайын өзгеріп отырады. 500 метрлік биіктіктен қала үстіне қараса, көшелері солтүстікке қарай ыстық Қаскелең  маңындағы Мойынқұмына бағыт алып тіреледі. Қаланың тұрғын үйлер алабы оңтүстігінде де, теңіз деңгейінен 1500-1700 метр биіктікте де, Медеу шатқалында және «Терісбұтақ текше тауында» (Каменское Плато)  мұздықтардың суық лебі сезіледі.

Іле Алатауының жануарлар мен өсімдіктер дүниесі өте бай. Алматының шеткі аймақтары Іле Алатауының ұлттық паркіне жатады. Мұнда арнайы қорықтар бар. Сирек кездесетін құстар мен аңдар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Солардың ішінде барыс қазіргі кезде Алматы қаласының елтаңбасында белгіленген.

Тау баурайындағы дәнді дақылдар, бақша және темекі алқаптары  жүзім, жеміс-жидектер мен алма ағаштарына ауысып отырады. Қаланың 8 мың га. астам жерін бау-бақшалар мен саяжайлар, демалыс орындары алып жатыр. Дәл осы жер атақты Алматы апортының отаны болып табылады.

Қала 170 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Үлкен және кіші Алматы өзендерінің бойына орналасқан. Қаланы сумен тау өзендері мен көлдері қамтамасыз етеді.

Халық

Алматы қаласының халқы 1 450 000 адамды құрайды. Оның 54 пайызы әйелдер, 46 пайызы – ерлер. Алматы байырғыдай Қазақстан қалалары ішіндегі «көпұлтты қала» мәртебесіне  ие. Этникалық жағын ескерсек, бұл қалада 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Қазіргі кезде Алматыда 50,5 пайыз қазақтар, 33,2 пайыз орыстар, 5,8 пайыз ұйғырлар, 2 пайыз корейлер тұрып  жатыр.  қалған 6,5 пайызды  немістер, украиндар және басқа ұлт өкілдері құрайды. 


Экономика

Алматы қаласының экономикасын өнеркәсіп, қызмет көрсету аясы мен ауылшаруашылық салалары құрайды. Өнеркәсіптегі негізгі салалары өндіріс орындары, электр қуатын тарату, су, көгілдір отын және өңдеуші кәсіпорындар болып табылады. Бұларға қоса, химиялық, азық-түлік, металлургиялық және халық шарушылығының басқа да түрлері даму үстінде. Өңдеу өнеркәсібінің еншісіне қаладағы барлық өнеркәсіп өнімдерінің 85 пайыздан астамы тиюде. Соңғы жылдары ағаш өнімдері мен қортқы көмір (кокс) біршама азайды. Есесіне тігін және тоқыма өнімдері, химиялық өнеркәсіп, сондай-ақ транспорттық құралдар мен оларға жабдықтар шығару артты.

Байланыс саласы бойынша айтсақ, оларға көп кіріс әкелген жергілікті телефон байланысы (1,5 пайыз), халықаралық телефон байланысы (4,4 пайыз), интернет желісі (6,6 пайыз) және ұялы телефон байланысы (70 пайыздан астам) болып отыр. Өсімдікшарушылығының басты көзі – дәнді дақыл, картофель, көкөніс, жеміс-жидек пен жүзім. Ал малшаруашылығында өсіріліп жатқан малдардан негізінен ет, сүт, жұмыртқа және жүн алынуда.

Мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ)1/5 бөлігі немесе 2 триллион 273 миллиард теңгесі Алматының еншісіне тиюде, яғни Алматы қаласының әрбір тұрғынына 15 мың доллардан келеді. Бұл республика бойынша айтсақ, 2,7 есеге көп. Елдегі салықтың 30 пайызы осы қаладан жиналса, мемлекеттің сыртқы тауар айналымының ішкі 50 пайызы және 1/6 бөлігі Алматыда жүзеге асуда. Барлық банк жүйесі операцияларының 70 пайызы да осы мегаполисте атқарылып жатады. Сонымен қатар, барлық инвестициялардың 18 пайызы, пайдалануға беріліп жатқан баспаналардың 12 пайызы және тауарлардың жеке және көтерме саудасы операцияларының барлығының 50 пайызы Алматының үлесінде.

Алматы экономикасы негізінен қалада жұмыс істеп жатқан  банктер мен шағын және орта бизнестің есебінен дамуда. Мәселен, барлық салықтың 60 пайызын қаладағы саны 78 мыңға жетіп отырған бизнес орындары түсіруде. Сонымен қатар, қалада 33 екінші деңгейлі банк тіркелген. Бұл жалпы санның 95 пайызы.

Көлік

Транспорт саласы бойынша жұмыс істеп жатқан мекемелер саны 517. Соңғы жылдары жолаушы тасымалы да, жүк тасымалы да едәуір өсті. Әуедегі транспортты жылына 20 мың жолаушы пайдалануда. Ал олардың көмегімен тасымалданатын жүк салмағы жылына 7 мың тоннаны құрап отыр. Автомобиль транспортымен негізінен түрлі-түсті меттал, құрылыс заттары,  басқа да жүктер тасымалданып жатады.


Алматының тауар мен туризм саласын дамытуға мүмкіндігі мол. Қазір қаладағы туристік ұйымдар саны 500-ге жуық. Туризм саласының жақсаруының арқасында соңғы жылдары туристер легі айтарлықтай өсті. Туристік фирмалар саны да өсіп келеді.

Алматы қаласында аймақтық қаржы орталығын құру туралы 2006 жылы ресми түрде жарияланған болатын. «АӨҚО» (Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы» акционерлік қоғамы) қазіргі кезде тұрғындардың қаржы және инвестиция төңірегіндегі сауатын көтеруге мүдделі. Және Қазақстанның қаржы аясына шетелдік инвестиция тартудың тиімді жолдарын қарастырып, еліміздің құнды қағаздарын халықарылық нарыққа кіріктірумен айналысуда.

Қазіргі кезде Алматыда сауда-саттық саласы бойынша 3100 нысан жұмыс істеуде. Олар - бірнеше топқа бөлініп отыр: азық-түлік, өнеркәсіп салалары, базар, сауда кешендері және баспана.

Әлеуметтік сала

Алматы - Қазақстанның білім, мәдени және ғылыми орталығы. Ең үлкен оқу орындары, дамыған денсаулық сақтау жүйесі осы қалада орналасқан. 

Қалада 48 жоғары оқу орны бар. Алғашқы жоғары оқу орны Алматыда 1928 жылы ашылған Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болды. 1929 жылы Алматы зоотех,- малдәрігерлік институты, 1930 жылы Қа¬зақ ауыл шаруашылығы институты, 1931 жылы Қазақ медициналық институты, ал 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Бұл алғашқы ашылған жоғары оқу орындары қазақ интеллигенциясының жетілуіне зор ықпал жасады. Одан кейінгі жылдары Алматыда әр саладағы, әр бағыттағы ондаған жоғары оқу орындары ашылды. Кейбір институттардың ірі факультеттері жеке институт, универ¬ситет және академия болып бөлек құрылды. Алматыда Қазақстан ҒА-сы жұмыс істейді (1946). 


178 мемлекеттік жалпы білім беру мектебі, лицей-гимназиялар, оның ішінде жаңа типтегі 65 мектеп, 26 гимназия, 29 мектеп-гимназия, 7 лицей, 3 мектеп-лицей, 4 мектеп-интернат, санаторлық типтегі мектеп-интернат бар. 6 Балалар шығармашылығы үйі, қалалық Жас дарындар сарайы, жас туристер, натуралистер, техниктер стансалары, 12 балалар музыкалық мектебі, хор мектебі, балалар өнер мектебі жұмыс істейді. Мектептерді компьютерлендіру үрдісі толық аяқталды, «School Net» корпоративтік мектеп желісі жұмыс істейді. 

77 медициналық мекемені қамтитын қалалық денсаулық сақтау желісінің моделі жасалуда. 

Қалада 270 астам мәдениет ұйымдары жұмыс істейді. Алматыда қазақ драматеатры, орыс драма театры, балалар мен жасөспірімдер театры, опера және балет театры, ұйғыр және Ко-рей музыкалық театрлары, Қазақ мемлекеттік филармониясы, орталық кон¬церт залы сияқты танымал мә¬дени орталықтар бар. 7концерт залы, 2 филармония, 11 оркестр, 13 ансамбль, Қазақ мемлекеттік циркі, зоологиялық бақ жұмыс істейді. 32 мұражай, 20 көркемсурет агелреясы, 39 кітапхана, 18 кинотеатр, 9 шығармашылық одақ тағы бар. 

Қалада 1286 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді, оларды таратып айтар болсақ: 548 газет, 692 журнал, 46 электрондық БАҚ бар. Алматының ақпарат нарығында қазақ, орыс, ұйғыр, корей, күрд, түрік, ағылшын, неміс және басқа тілдерде шығатын 6500 астам шетелдік басылымдар таратылады. Ресми тіркелген 10 партия, 3 мыңнапн астам үкіметтік емес ұйым, 200 астам діни бірлестік, 7 діни оқу орнды, 97 ресми тіркелген діни нысандар жұмыс істейді. 

Алматыда 42 конфессияны құрайтын барлығы 275 діни бірлестіктер мен топтар қызмет етеді. Бұл 1991-жылға қарағанда 10 есе артып, діни бірлестіктер қатары әлі де көбеюде.

Олардың ішінде: Ислам — 38, Орыс православиелік шіркеуі — 14, көне салтшылдар — 2, Ахмадие — 2, Римдік-католиктік шіркеу — 5, Иудейлік дін — 2, Лютерандық шіркеу — 5, Евангельдік мәсіхші-баптистер — 20-ға тарта, Жетінші күннің Адвентистері — 5, Елушілдер — 4, Пресвитериандар, Әдістемешілер және оған жақын бірлестіктер — 40-тан аса, Иегова Куәгерлері — 30-ға тарта, Жаңа апостолдық шіркеу — 2, Біртұтастық шіркеуі — 2, Буддизм — 2, Соңғы өсиет шіркеуі — 1, Харизматикалық бірлестіктер — 16, Иса Пайғамбар шіркеуі — 2, Бахаи — 2, Жаңа ұстаным Бірлестіктері (Кришна Танымы Қоғамы, Вайшнавалар, Шри Чинмоя және т.б.) — 4, Інжіл шіркеуі — 1, эзотерикалықтар (Ұлы Ақ Бауырластық) — 1, Армян-григориандық шіркеуі — 1, Трансцендентальдық медитация — 1, Саентологиялар — 1 және басқалары бар.

Қалада дене шынықтыру мен спортты дамытуға үлкен назар аударылуда. Осы мақсатта 920 спорттық нысан, 8 спорттық клуб, 2 олимпиадалық дайындық орталығы, 19 балалар спорты мектебі, спорттағы дарынды балаларға арналған арнайы мектеп пен спорт шеберлігі жоғары мектебі жұмыс істейді. 

Алматы — республикадағы ең сәулетті қалалардың бірі. Қала архитектурасында ұлттық ерекшеліктің элементтері, қала аумағының табиғат сұлулығы және құрылыс саласындағы ғылым мен техниканың жетістіктері жүйелі түрде, жоғары талғампаздықпен үндестік тапты. Алматыда әр ғимарат өзіндік ерекшеліктерімен, ұтымды инженерлік-архитектуралық шешімімен кезге түседі. Қаладағы Республикалық алаң кешені, Президент резиденциясы, Даңқ монументі, Республика сарайы, Қазақстан¬ның ҒА-ның және Ұлттық кітапхана ғимараттары, Қазақ драма театры, "Қазақстан", "Отырар", "Рахат-Палас", "Анкара", "Достық" қонақ үйлері, Студенттер сарайы, Спорт сарайы, Медеу спорт кешені, республикалық Орталық мұражай, т.б. көптеген мәдени, ғылыми және қала түрғындарына арналып салынған ғимараттар бой көтерді.

Өлке тарихынан


Б.з.д. 10 - 9 ғғ. қола дәуірінде қазіргі қала аумағы ертедегі жер өңдеушілер мен малшылардың қонысы болды. Бұған дәлел - ерте кездегі Тереңқара мен Бұтақты қоныстарының табылуы. Бұл жерлерде керамика, тастан жасалған қарулар, темір мен сүйектен жасалған бұйымдар табылған.

Б.з.д. 7 ғ. - б.з.д. сақ дәуірінде Алматы сақтардың, кейіннен үйсіндердің тұрғылықты жері болған. Осы кезеңнен көптеген қорғандар мен қоныстар орындары қалған; олардың арасында ерекшеленетін «сақ патшаларының» қорғандары. Солардың ішінде ең танымалдары Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», Жалаулы қазынасы, Қарғалы диадемасы, жетісулық «көркемдік қоласы» - шамдар, құрбандық шалатын орны, қазан. Сақ және үйсін дәуірінде Алматы аумағы Қазақстан жерінде құрылған ертедегі мемлекеттердң орталығы болды.

Б.з. 8-10 ғғ. Алматы өміріндегі келесі кезең орта ғасыр кезеңі. Бұл қала мәдениетінің даму, отырықшылдыққа көшу, жер өңдеу мен қолөнердәң даму, Жетісу аумағында көптеген қалалық қоныстардың пайда болу кезеңі. Қазба жұмыстарының нәтижесінде керамика, темір және сүйек бұйымдары табылған.

10-14 ғасырларда «Үлкен Алматы» аумағындағы қалалар Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда байланысына ілінді. Алматы сауда, қолөнер жіне ауылшаруашылық орталығының біріне айналды. Бұған дәлел - осы жерде табылған 13 ғасырдың 2 күміс дирхейі. Бұл дирхейде алғаш рет қала аты аталынады -Алматы.

15-18 ғғ. Ұлы Жібек жолының ыдырауына байланысты қала өмірі деградацияға ұшырады. Бұл кезең Алматы мен жалпы Қазақстанның тарихына әсер еткен саяси үрдістерге толы болды. Мұнда маңызды этносаяси процестер, Жетісу мәдениетінің қалыптасуы жүрді. Алматы аумағына қатысы бар аудандарда қазақ мемлекеттігінің құрылуы басталды. Бұл жер жоңғар шапқыншылығы мен өз тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ батырларының оқиғасына бай.

1730 жылы Алматыдан 70 шаршы км. қашықтықта орналасқан Аңырақай тауларында қазақ батырлары қазақ халқының жоңғарларменОтан соғысындағы қиын кезеңдегі тарихта мәңгі қалған жеңіске жетті..

4 ақпан 1854 жыл. Қаланың жаңа тарихы Іле Алатауының баурайында Ресей империясының әскери қамалы Верный қаланған кезеңінен басталады.

1854 жылдың күзінде Верный қамалының құрылысы аяқталды. Верный дұрыс салынбаған, бір жағы кіші Алматы өзенінің бойында орналасқан ағаштан қаланған бесбұрышты құрады. Кейіннен ағаш кірпіш тастарына ауыстырылды.

1 шілде 1855ж. Верный қаласына казактардың бірінші тобы көшіп келді. 1856ж. орыс шаруалары да көшіп келе бастады. Олар қамал жанынан салынған Үлкен Алматы орталығына қоныстанды. Қоныс аударғандардың көбеюіне орай Кіші Алматы бекеті мен Татар (Райымбек) көшесі пайда болды. Бұл жерге татар қолөнершілері мен саудагерлері қоныстанды. 1859 жылдың мамырында қоныс аударғандардың саны 5 мыңға жетті. Құрылыс жұмыстарына инженер Л. Александровский жетекшілік жүргізді, ал құрылысты басқарған әскери-инженер Ц. Гумницкий болды.

1867 ж. 11 сәуірінде Верный қамалының атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы аталды. Бірақ сол жылы «Дала комиссиясының» баяндамасы бойынша бұл атау өзгертіліп Верный қаласы болып өзгертілді. Верныйдың қала болуы сол кездегі реформаларға байланысты болды. Верный Вернинск уезі мен Жетісу ауданының орталығына айналды. Жетісу ауданының бірінші губернаторы Г.А. Калпаковский болды.

Бірінші қала жоспарының авторы Н. Криштановский болды. Оның жоспары бойынша қала өлшемдері өзгертілді. Оңтүстігіне қарай Алматы өзенінің маңайы 2 км.; батысына қарай 3 км. Шөп, жылқы және көк базарлары 4 парктер салынды. Жаңа қалаға берілген аумақ төртке бөлінді. Үй құрылысы үшке бөлінді. Бірінші мен екіншілері 2 қабатты қала ішіндегі үйлер болды. Ал соңғылары қала сыртындағы үйлер. Құрылыс үшін жер учаскелері сатылды.

Негізгі әкімшілік мекемелер қала паркінің жанынан салынды (қазіргі 28-гвардейшы-панфиловшылар паркі).

Бірінші қала архитекторы Г.Н. Серебряников болды (1839-1883).

1887ж. 28 мамырда Верный қаласында күшті жер сілкінісі болды. Таңғы сағат төртте болған жер сілкінісі бүкіл қаланы қиратты. Әсіресе үлкен кірпіштен қаланған үйлер қирады.

1887 ж. 1маусымда Жетісу ауданының губернаторының бұйрығымен кірпіштен қаланған үйлердің орнына ағаштан үйлер қалана бастады.

Жер сілкінісі зардаптарын анықтау үшін және ол қайталанған жағдайда жасалатын шаралар жүргізу үшін профессор И.В. Мушкетов басқарған комиссия құрылды.

Жер сілкінісінен кейін үйлер бір қабатты және ағаштан немесе саманнан жасалынды. Қаланы қалпына келтіруде үлкен үлес қосқан инженер-архитектор А. П. Зенков болды. Ол бірінші болып жер сілкінісіне қарсы құрылыстың принциптерінің жоспарын жасады.

1910 ж. жер сілкінісі осы жоспардың дұрыстығын нақтылады. Осы кезеңдегі қаланы көгертуге үлес қосқан ағайынды Эдуард және Отто Баумдар.

1909 ж. «Россия Полное географическое описание нашего Отечества» атты жинағында Верный қаласы былай суреттелді: Верныйда Жетісу ауданының барлық мекемелері және түркістан мен ташкент епископтар орындары бар. Қала халқының саны 37000 адам (26 мыңы орыстар, қалғаны тараншы, доңған, сарт, татар, қырғыз өкілдері), мұнда 2100 тұрғын үй, 9 шіркеу, 4 мешіт, 18 оқу орны, кішігірім аудандық музей, 313 жұмысшы істейтін 66 зауыт пен фабрика бар. Қала кірісі 119515 сом, шығын 119113 сомды құрайды.

Қаланың екінші және соңғы архитекторы Поль Гурдэ (1846-1914), қала елтаңбасының авторы.

1917 жылғы көтеріліс қала көркін өзгерткен жоқ. Ескі мекемелерде жаңа атаулар пайда болды.

1917ж. наурызында әскери губернатор, қала басшысы, әскери басшы орнынан алынды. Уақытша үкімет өз комиссарларын Шкапский мен Тынышпаевты тағайындады.

1918ж. 2 наурызында қалада кеңестік билік орнатылды. Аудандық атқарушы комитет сайланды. Оның басшысы П.М. Виноградов болды.

1921ж. 5 ақпанында аудан комитетінің салтанатты жиынында Верный қаласының атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Верный қаласы Алма-Ата деп аталынды. Бұл шешім бойынша Жетісу Әскери-революциялық комитет бұйрық шығарды: «Қаланың революциялық орталық мәртебесін алуына байланысты Жетісу әкімшілік орталығының атауы Алма Атаға өзгертілді».

1926ж. 3 желтоқсанында Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Түркістан-Сібір теміржолын салу жөнінде шешім қабылдады.

Түрксіб құрылысы Қазақстанның астанасы Алматы болуына септігін тигізді.

1927ж. 2 наурызында ҚазАССР-ң ОСК-і астананы Қызыл-Ордадан Алматыға көшіруге шешім қабылдады. ІV Бүкіл Қазақстандық кеңестер съезі бұл шешімді мақұлдады.

Үкімет орындарының көшуі салынып жатқан Түркісіб теміржолының бірінші поезында 1929 ж. мамырыдабасталды.

1930 ж. 28 сәуірінде «Айнабұлақ» станциясында соңғы балдақ соғылды. Бұл екі ірі экономикалық аудандарды, яғни Сібір мен Қазақстанды қосты. 1 мамырда Түркісіб жолы ашылды. Алматыға Мәскеуден бірінші поезд келді.

1930 жылы Алматы әуе жолы ашылды, сөйтіп Қазақстан астанасы Мәскеумен әуе арқылы байланысқа ие болды.

Кішкене қалашықтың астанаға айналуы көптеген әкімшілік мекемелердің, тұрғын үйлердің салынуын қажет етті.

1929 ж. күзінде қала халқы 100 мың адамға жетті. 1926 жылы қала халқы 45 мың адамды құраған.

Республиканың кеңестік халық комитеті 1929-1930 жж. арналған қала құрылысының жоспарын қабылдады. Тұрғын үй құрылысына 6,5 млн. қаржы бөлінді, әкімшілік мекемелер құрылысына 2,9 млн. сом, коммуналдық шаруашылыққа 2,2 млн. сом қаржы бөлінді.

Тұрғын үй және мектеп құрылысы, сонымен қатар денсаулық сақтау мекемелер құрылысына бірінші болып беріле бастады.

Алматының Қазақстанның астанасы болуына байланысты 1936 жылы қаланың архитектуралық құрылысы жөнінде арнайы жоспар құрылды. Жоспардың басты мақсаты Алматы қаласын мәдени орталыққа айналдыру болды. Жоспар бойынша қалыптасқан тарихи маңызы бар құрылыстарды түбегейлі өзгерту және үлкейту негізделді.

1941-1945 ж. Ұлы Отан Соғысы жылдары қала аумағы үлкен өзгерістерге ұшырады. Бүкілодақтық тыл жұмыстарын ұйымдастыруда өнеркәсіптік және материалдық қорды концентрациялау үшін 45 мың шаршы метр жер берілді, 26 мың көшірілегендерді қабылдау үшін жер босатылды. Алматы қаласына майдан шегінен 30 өнеркәсіп орны, 8 госпиталь, 15 жоғарғы оқу орны, орта кәсіптік білім беру жүйесі, 20-ға жуық ғылыми зерттеу институттары, 20-дан аса мәдени орталықтар көшірілді. Ленинград, Киев, Мәскеу киностудиялары Алматыға ауыстырылды.

1949-1950 жж. Ленинградтық Гипрогор жасаған жаңа жоба ҚазССР-і халық шаруашылығының дамуының 5 жылдық жоспарымен негізделді. Жоспар бойынша қала аумағы оңтүстік-батыс бағытында үлкейтілу, орталық бөлігінде 3-4 қабатты үйлер салыну, жол құрылысы мен қатынасы, селге қарсы қорғану қолға алынды.

«Ленгипрогром» жоспарлағандай, 1962-1963 жж. Алматы қаласы 1980 жылға дейін төрт жоспарланған аумақ және сел жүретін аумақтарға үлкен өзгерістер енгізілді. Тек 1966-1971 жылдар аралығында қалада 1400 шаршы метр мемлекеттік және кооперативтік құрылыс тұрағы тапсырылды. Жыл сайын қалада 300 мың шаршы метр тұрғын үйлер салынды. Құрылыс барысында жер сілкінісіне қарсы көп қабатты үйлер салу ұйғарылды.

Бұрынғы Верный қаласының тарихи жоспарланған жүйесі 1968 жылы қабылданған Алматы қаласының бас жоспарында негізделді.

Құрылыста түрлендіру мен сәйкестендіру архитектуралық тұрпаттың әр түрлі болуына себебін тигізді. Мектеп, аурухана, мәдени орталықтар, солардың қатарында Ленин атындағы Сарай, «Қазақстан» қонақ үйі, медеу спорттық кешені т.б. құрылыс орындары салынды. Қалада демалыс орындарын құруға, қалалық көліктің дамуына көңіл бөлінді. 1981 жылдан бастап метрополитен жобасы бойынша жұмыстар жүргізілді. Алматы қаласын дамытудағы жаңа бас жоба 1998-2020 жылдар аралығын қамтиды. Басты мақсат экологиялық таза, қауіпсіздік, әлеуметтік жағдайға қолайлы орта құру. Негізгі архитектуралық-құрылыстық мақсат Алматының «бау-бақша қаласы» атын сақтау мен дамыту. Жоспар бойынша көп қабатты үйлер салу, өндіріс орындарын дамыту, жол көлігін нығайту, метрополитен енгізу.

1993 жылғы шешім бойынша қала атауы Алма-Атадан Алматыға ауыстырылды.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімімен ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.

1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының міртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Бұл заң бойынша Алматы ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық болады.


+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат