Жаңалықтар

Ауылды дамытамыз десек, жер мәселесіне реформалар керек – Е.Келімсейіт

18 маусым 2016

Ауылды дамытамыз, оның болашағын ашамыз десек, жер мәселесіне реформалар керек. Бұл туралы Жер реформасы жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы кезінде Алматы облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Келімсейіт айтты.

«Еліміздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің бүгінде 100 млн га айналымда жүр. Жерлерді игермесек, ауылдың дамымай, мешел күйінде қалатынын көрсетіп отыр, инвестициялар келмей жатыр. Ауылды дамытамыз, оның болашағын ашамыз десек, жер мәселесіне реформалар керек. Осыған дейін оның халыққа дұрыс түсіндірілмеген жерлері бар. Ауылда жерді жеке меншікке алуға біз неге қарсы боламыз? Бұл дұрыс емес. жерлер ауыл тұрғындарына берілуі керек. Бірақ ол берілген жерлердің тиімді пайдаланылуын талап ету керек», - деді ардагер.

Ол сонымен қатар шекара маңындағы 3-5 шақырым жерге дейін жерлерді тіпті өз азаматтарымызға беруге болмайтынын, шетелдіктерге жер сату туралы әңгіме болуы мүмкін де емес екенін айтып өтті.

«Шетелден инвестиция келмей, біз өз қаржымызбен бәрін істей аламыз дей алмаймын. Бірақ мемлекет халыққа кепілдік беріп, шетелдік азаматтарды келтіруге болады. Болашақты осыны дұрыстап шешу керек. Шетелден келетін инвесторларға қазірдің өзінен көптеген талаптар қою керек», - деді ол.

Сонымен қатар ардагер Алматы облысының шекаралық, негізінен ауыл шаруашылығы бағытындағы облыс екенін, біздің төрт жаққа шығатын есігіміз ашық екенін, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін жан-жаққа шығару мүмкіндігі туғанын атап өтті.

«Жердің құнын 50 пайызға бөліп төлеумен беру тиімді деп ойлаймын. 5-10 жылға дейін өзіне берілген жерді ешкімге сатпау туралы ережені бекіту керек. Халықтың қазір жер сатып алатын жағдайы жоқ, сондықтан оларға жалға беру құқығын қалдыру керек», – деді ол.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат