Жаңалықтар

К.Мәсімов Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша ұсыныстарын жеткізді

16 маусым 2016

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІІІ съезі барысында Қазақстанның экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша ұсыныстар білдіріп, бизнесмендерді өзінің твиттердегі аккаунтында пікірталасқа шақырды.

«Қоғамдағы тұрақтылық пен әрі қарайғы даму жұмыспен қамтылуға байланысты, яғни адам жұмыс істесе, ол жалақы алады, сәйкесінше, тұтыну қабілеті артады. Бәрі жұмыспен қамту маңында жүргізілуі тиіс. Жалпы, бұл ұсынысты өндірістік жұмыспен қамту деп атауға болады. Ұсыныс бірнеше бағыттарды қамти алады. Бірінші бағыт – бұл ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру. Біздің жағдайда ауыл шаруашылығы – бұл біздің еліміз үшін еш
ұтылмайтын бағыт болып табылады. Азық-түлік өнімдері мен ауыл шаруашылығына қатыстының бәрі дамитын болады, оған қажеттілік болады. Мен қазір жаңа вице-министр, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке жеке тапсырма беремін, ол осы міндеттерді өзіне алып, сіздермен біріге отырып ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін қалай арттыруымыз керектігін талқылап, ұсыныстар енгізсін»
, - деді К.Мәсімов кәсіпкерлерге.

Премьер-министр дамудың екінші бағытын – еңбек ресурстарын жұмылдыруды арттыруды атап өтті. Мысал ретінде ол экономикасының құрылымы жағынан біздің елге ұқсайтын, бірақ дамудың жоғарырақ деңгейіндегі елдерді келтірді. Бұған жақсы әзірленген еңбек ресурстары есебінен қол жеткізіледі.

«Біз сіздермен бұл әзірлікті қалай жасауымыз, кадрларды қалай қайта даярлауымыз, бірінші жұмысшы мамандықтарын қалай дайындау керектігі туралы ойлануымыз керек. Үшінші бағыт – бұл осымен байланысты. Бізде ел ішінде бірінші қажеттіліктегі заттар импорты жеткілікті жоғары болғандықтан, курс бағамының кез келген ауытқуында инфляцияның жылдам көтерілуі байқалады. Алайда біз сіздермен бірге бірінші қажеттіліктегі негізгі заттар ел ішінде өндіріле алатындай етіп жасай аламыз ғой. Курсымыз бәсекеге қабілетті, жұмыс күшіміз бәсекеге қабілетті, ішкі нарығымыз бар. Сондықтан бұл жерде кәсіпкерлік алғырлық пен Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі тұр. Төртінші бағыт: қаласақ та, қаламасақ та, біз шикізаттар өндіретін елміз. Сондықтан ішкі де, сыртқы да инвестицияларды шикізаттық ресурстарға тарту, және ол инвестициялардың тартымдылығы – бұл аса маңызды мәселе. Біз алға ілгерілеп, Қазақстанды шикізаттық ресурстарға әрі қарай инвестициялар тарту үшін тартымды етуіміз керек», - деп атап өтті К.Мәсімов.

Еске салайық, аталған ұсыныстар бойынша Премьер-Министр бизнесмендерді 14 маусымда өткен Үкімет кеңесінде,
сондай-ақ бүгін өзінің твиттердегі аккаунтында пікірталасқа шақырды: «ҰКП Съезіне бара жатырмын. Уәде еткенімдей, #businesskz хештегі бойынша бизнес өкілдерінен ұсыныстар күтемін», - делінген Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың аккаунтындағы жазбада.

Барлық бизнесмендер аталған хештег бойынша өз ұсыныстарын білдіре алады.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат