Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Наваз Шарифпен телефон арқылы сөйлесті

2 ақпан 2017

Әңгіме барысында тараптар екі жақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, Пәкістан Премьер-Министрінің Қазақстанға 2015 жылғы тамыздағы ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысына көңілдері толатынын жеткізді.

Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-Министрі елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына байланысты бірін-бірі құттықтады.

Н.Шариф Нұрсұлтан Назарбаевты биылғы наурызда Исламабадта өтетін Экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуға шақырды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі аясында Қазақстан Республикасының Ауғанстан жөніндегі комитетке төрағалығын ескеріп, тараптар Ауғанстан Ислам Республикасындағы ахуал жөнінде пікір алмасты. Бұл елде бейбітшілік пен тұрақтылыққа, ішкі үйлесімдікке қол жеткізуді көздейтін ортақ ұстанымдар ортаға салынды.

Бұдан бөлек, көптарапты құрылымдар, атап айтқанда БҰҰ мен ШЫҰ аясындағы ынтымақтасу мәселелері талқыланды.

Телефон арқылы сөйлесуге Пәкістан жағы бастамашы болды.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат