Жаңалықтар

«Нұрлы жол»: Қостанай облысында биыл 32,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған

12 шілде 2016

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында «Аэропорт» ықшам ауданындағы тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысты. Құрылыс «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде.

Шағын ауданда жалпы ауданы 14 300 шаршы метр болатын төрт тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді, тағы 23 үйдің құрылысы жоспарланған. Құрылыстың жалпы ауданы 165 мыңнан астам шаршы метрді құрайды. 280 орындық екі балабақшаның, 900 орындық жалпы білім беретін мектептің құрылысы жоспарланған, балалар және спорт алаңдары, көлік қоятын орындар, жасыл демалыс аймақтары қарастырылған.

Аймақ басшылығы К. Мәсімовті өңірде тұрғын үй құрылысының жүзеге асырылуы туралы хабардар етті. Қостанай облысы әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылы Қостанай облысында 185 мың шаршы метр тұрғын үйді, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында – 32,6 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланған.

ҚР Премьер-Министріне мемлекет пен жеке инвесторлар тарапынан тұрғын үй құрылысы саласында белсенді саясаттың жүргізілуі құрылыстың қарқынды деңгейін сақтап қалуға мүмкіндік бергені туралы баяндалды. Сонымен, 2016 жылы 89,6 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,6%-ы пайдалануға берілген.

Бұдан басқа, К. Мәсімов «Бәйтерек девелопмент» АҚ бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты.

Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында «Бәйтерек девелопмент» АҚ Қостанай облысында 7 млрд теңгеден астам сомаға 49 мың шаршы метр тұрғын үй салмақ.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ағымдағы жылы ҚР Ұлттық қорынан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалға және несиеге берілетін тұрғын үй құрылысына 113 млрд теңге бөлінді.

Осы қаражат есебінен 2016-2017 жылдары 324,5 мың шаршы метр жалға берілетін және 369,5 мың шаршы метр несиеге берілетін тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық қорынан жергілікті атқарушы органдар арқылы несиеге берілетін тұрғын үй құрылысына 67 млрд теңге бөлінген.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат