Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев: «Астана ЭКСПО-2017» сәтті өтуі СІM-нің бағытталған жұмысына байланысты

4 қаңтар 2017

Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігінің жетекшілер құрамымен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз-қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев жаңа сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановты таныстырып, Ерлан Ыдырысовтың Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшісі қызметіне тағайындалғандығын жеткізіп, оған ведомство жетекшісі қызметінде атқарған еңбегі үшін алғыс айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс кезеңі мен жаһандық жағдайдың өзгеруі тұсында СІМ-нің алдында жаңаша көзқарасты қажет ететін көптеген жаңа міндеттердің тұрғандығын атап өтті.

«1 қаңтардан бастап-ақ Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына кіріседі. Еліміздің аталмыш құрылымға тұрақты емес мүше болуы әлемдік қоғамдастық өкілдерінің біздің мемлекетімізге деген құрметінің белгісі. Бұл Қазақстанның ядролық қарусыз әлем мен халықаралық деңгейдегі өзге де мәселелер бойынша жаһандық көшбасшылығын қамтамасыз етуді талап ететін маңызды міндет», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент еліміздің қаңтар айында Бүкіләлемдік 28-ші Универсиаданы қабылдайтындығын айтты. Оған көптеген елдердің өкілдері қатысады. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев алдағы жылдың маусым-қыркүйек айларында өтетін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне баса назар аударды.

«Көрмеге қатысуға 112 ел мен 18 халықаралық ұйым өкілі келісімдерін берді. Іс-шараның сәтті өтуі СІМ жұмысына тікелей байланысты», - деді Мемлекет басшысы.

Президент жақын болашақта Астанада ұйымдастырылатын сириялық мәселе төңірегіндегі келіссөздерді өткізуге дайындық керектігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев маңызды тапсырма ретінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында біздің ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, барынша тиімді жұмыс жасау қажеттігін баса айтты.

«Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында еліміздің дипломатиялық қызмет органдарының қызметі бірінші кезекте, экономикалық өлшем болып қалуы тиіс. Отандық тауарларды экспорттау және инвестиция тарту мәселелерімен айналысу керек. Осыған орай, СІМ мен елшілік бірлесіп жұмыс жасауы тиіс. Алдағы жылы Астанада өтетін – ШЫҰ мен ИЫҰ саммиттері сияқты халықаралық ірі іс-шаралардың дайындығына мән беру қажет», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елшілік жұмысының Қазақстанның басқа елдермен жасасқан сауда-экономикалық келісімдері үшін тиісті бақылауды жүзеге асырудағы маңызын жеке көрсетіп, біздің елімізді шетелге танытатын министрлік қызметкерлерінің жоғары жауапкершілігіне мән беріп, кадр мәселесінің маңыздылығын атап өтті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы сыртқы саясат ведомствосының қызметіне жоғары баға беріп, барлығын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат